4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ «ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҮЗДІК СТУДЕНТІ» АТАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының студенті Айгерім Демокырат «Түркі халықтарының үздік халықаралық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Халықаралық байқау офлайн форматта ұйымдастырылып, түркітілдес мемлекеттердің талантты жастарының басын қосты. Байқаудың негізгі мақсаты – білімді, шығармашыл әрі белсенді студенттерді қолдау, олардың жетістіктерін дәріптеу және түркі халықтары жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Байқау аясында қатысушылар өздерінің білім, ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларындағы жетістіктерін таныстырды. Айгерім Демокырат та өзінің шығармашылық әлеуеті мен кәсіби дайындығын көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

І дәрежелі диплом – студенттің ізденісі мен еңбегіне берілген лайықты баға. Бұл жетістік университет қабырғасында білім алып жүрген талантты жастардың халықаралық деңгейде де өз қабілеттерін таныта алатынын көрсетеді.

Айгерім Демокыратты жеңісімен құттықтаймыз! Шығармашылық жолына шабыт, кәсіби дамуына сәттілік және жаңа жеңістер тілейміз!