4 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Экологиялық жобалау: заңнама және оны қолдану тәжірибесі» тақырыбында қонақ дәріс өтті. IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің экология және география кафедрасының білім алушыларына «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС-нің экологиялық жобалау және аудит жөніндегі жетекші маманы Елизавета Сергеевна Антипова дәріс оқыды.
Дәріс кезінде Елизавета Сергеевна Қазақстандағы экологиялық жобалаудың құқықтық негіздеріне тоқталып, нормативтік құқықтық актілердің иерархиясын, Экологиялық кодекстің құрылымын және нысандарды қоршаған ортаға әсер ету деңгейіне қарай санаттарға бөлу тәртібін түсіндірді.
Сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімінің негізгі кезеңдерін таныстырды. Атап айтқанда, жоспарланған қызмет туралы өтініш беру, ықтимал әсерлерге скрининг жүргізу, қоғамдық тыңдаулар мен сараптамадан өту және тиісті қорытынды алу тәртібін баяндады. Бұдан бөлек, экологиялық рұқсаттардың түрлері, оларды алу үшін қажетті құжаттар мен өтініштерді қарау мерзімдері туралы ақпарат берді.
Дәрістің практикалық бөлімінде білім алушылар экологиялық жобалау ұйымдарының жұмыс ерекшеліктерімен танысты. Мамaн атмосфераға шығарылатын ластағыш заттардың мөлшерін есептеу, эмиссиялар нормативтерінің жобаларын әзірлеу және санитариялық-қорғау аймақтарының шекараларын негіздеу жолдарын көрсетті. Сонымен қатар стратегиялық экологиялық бағалау, жасыл екпелерді түгендеу және қалдықтарды басқару мәселелерін қарастырды.
Елизавета Сергеевна кәсіби тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріп, жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде заңнама талаптарын қолдану және тапсырыс берушілермен жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндірді.
Дәріс мазмұны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен де сабақтасты. Атап айтқанда, қалалар мен елді мекендерді жоспарлау кезінде экологиялық бағалау нәтижелерін ескеру 11-мақсатқа – «Тұрақты қалалар мен елді мекендерге», өндірістің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту және қалдықтарды тиімді басқару 12-мақсатқа – «Жауапты тұтыну және өндіріс» бағытына сәйкес келеді. Ал жер ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мәселелері 15-мақсат – «Құрлық экожүйелерін сақтау» міндеттерімен байланысты.
Қонақ дәріс білім алушыларға экологиялық заңнаманы тәжірибеде қолдану ерекшеліктерін түсінуге, болашақ маман ретінде кәсіби білімдерін толықтыруға және экологиялық жобалау саласындағы жұмыс бағыттарымен танысуға мүмкіндік берді.


