4 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY РЕКТОРЫ БИЗНЕС ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ДЕКАНАТ ҚҰРАМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова Бизнес және құқық жоғары мектебінің басшылығымен кездесті. Кездесуде құрылымдық бөлімшенің қызмет қорытындылары, ғылыми және білім беру әлеуеті, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды.

Жиынға проректорлар, Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Әсел Ануарбекқызы Апышева, оқу жұмысы жөніндегі декан орынбасары және кафедра меңгерушілері қатысты.

Талқылаудағы негізгі бағыттардың бірі ғылыми-зерттеу жұмысын жандандыру болды. Ректор жоғары мектептің қоғам мен мемлекет үшін өзекті мәселелерге басымдық беріп, зерттеудің жаңа тақырыптарын айқындауы және оқытушылардың ғылыми ізденістері мен бейіндік ғылыми мектептердің бағыттарын ескере отырып, ғылыми жобалар әзірлеуі қажеттігін атап өтті.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты өзгерістер мен Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауында айқындалған басымдықтар сөз болды. Бұл мәселелер ғылыми-зерттеу жұмыстарына, әсіресе заңтану, экономика және салық салу салаларына тың серпін беруге мүмкіндік ашады. Осыған орай ұжым алдына бастамашылдық таныту, нақты жобалық ұсыныстар әзірлеу және кафедралардың ғылыми әлеуетін тиімді пайдалану міндеті қойылды.

Сонымен қатар білім беру бағдарламаларын жетілдіру, әлеуметтік серіктестермен және жұмыс берушілермен байланысты нығайту, материалдық-техникалық базаны дамыту мәселелеріне де ерекше мән берілді.

Жоғары мектеп басшыларымен өткізілетін кездесулер ректорға әрбір құрылымдық бөлімшенің қызмет нәтижелері мен даму перспективаларын оның бейіндік ерекшеліктеріне сәйкес саралап, Amanzholov University-дің алдағы дамуына бағыт-бағдар белгілеуге мүмкіндік береді.