5 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ПЕДАГОГТЕРДІҢ КӘСІБИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА ШЕБЕРЛІК САБАҒЫ ӨТТІ

«Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығында Шығыс Қазақстан облысының педагогтеріне арналған «Бастауыш мектеп пәндерін оқытудағы инклюзивті тәсілдер: оқу қиындықтарын еңсеру» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.

Іс-шара ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты филиалымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.

Шеберлік сабағында педагогтер оқу қиындықтарын еңсерудің практикалық тәсілдерін, балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оқу тапсырмаларын бейімдеу жолдарын және баршаға қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Мұндай бірлескен бастамалар Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге, атап айтқанда, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, теңсіздікті азайтуға және тұрақты даму жолындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған.

Атап айтқанда, іс-шара БҰҰ-ның мынадай Тұрақты даму мақсаттарымен сабақтасады:

4-мақсат – Сапалы білім беру;

10-мақсат – Теңсіздікті азайту;

17-мақсат – Тұрақты даму жолындағы серіктестік.

Кәсіби тәжірибе алмасу, өзара ынтымақтастықты нығайту және инклюзивті оқыту тәжірибесін дамыту – әр баланың сапалы әрі қолжетімді білім алуына тең мүмкіндік қалыптастырудың маңызды тетіктері.

«Dana Bala» орталығы – қолдау, инклюзия және серіктестік кеңістігі.