6 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН SPEAKING CLUB АШЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ағылшын тілінде еркін сөйлеу дағдысын дамытуға, жаңа таныстықтар орнатуға және мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталған Speaking Club алғашқы кездесуін өткізді.

Бастама Стратегия, халықаралық ынтымақтастық және аккредиттеу бөлімі мен «Тіл әлемі» көптілді білім беру орталығының үйлестіруімен жүзеге асырылды.

Алғашқы кездесуге шетелдік студенттер, Welcome Centre волонтерлері және Түркиядан келген оқытушы Халиль Ибрагим Ташкыран қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – таныстық. Интерактивті ойын форматында қатысушылар өздері туралы әңгімелеп, ағылшын тілінде қойылған сұрақтарға жауап берді. Кейін жауаптарға сүйене отырып, олардың кімге тиесілі екенін анықтауға тырысты. Бұл тәсіл студенттердің бір-бірін жақынырақ танып, тілдік кедергіні еңсеруіне және өз ойын ағылшын тілінде еркін жеткізуіне мүмкіндік берді.

Жылы әрі еркін атмосферада өткен кездесу қатысушыларға тілдік дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, түрлі елдер мен мәдениет өкілдерімен пікір алмасып, ортақ қызығушылықтарын табуға жол ашты.

Speaking Club алдағы уақытта қазақстандық және шетелдік студенттердің басын қосатын тұрақты алаңға айналмақ. Келесі кездесулерде тілдік ойындар, командалық тапсырмалар, тақырыптық талқылаулар мен пікірсайыстар ұйымдастыру жоспарланған.

Клуб кездесулері әр апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 17:00-ден 18:00-ге дейін өтеді. Ағылшын тілінде еркін сөйлесуге, жаңа достар табуға және мәдениетаралық байланыс орнатуға қызығушылық танытқан барлық студент қатыса алады.