6 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН WELCOME CENTRE ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде шетелдік студенттерді қолдауға, олардың Қазақстандағы оқу мен өмірге бейімделуіне, тілдік дағдыларын дамытуға және мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталған Welcome Centre жұмысын бастады.
Орталықтың қызметі Стратегия, халықаралық ынтымақтастық және аккредиттеу бөлімі мен «Тіл әлемі» көптілді білім беру орталығының үйлестіруімен жүзеге асырылады.
Welcome Centre жұмысы екі негізгі бағытты қамтиды. Оның біріншісі – Speaking Club. Бұл алаңда қазақстандық және шетелдік студенттер, волонтерлер мен шетелдік оқытушылар бейресми ортада ағылшын тілінде еркін сөйлесу дағдыларын жетілдіреді. Қазіргі таңда клуб жұмысына 30-дан астам адам қатысады. Кездесулер аясында тілдік ойындар, командалық тапсырмалар, пікірталастар, шағын дебаттар, таныстырылымдар мен шығармашылық шаралар ұйымдастырылады. Speaking Club кездесулері әр апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 17:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.
Екінші бағыт – шетелдік студенттерге волонтерлік қолдау көрсету. Бұл жұмысқа 50-ден астам студент-волонтер тартылған. Олар шетелдік білім алушыларға университетпен танысуға, ұйымдастырушылық және тұрмыстық мәселелерді шешуге, жаңа тілдік әрі мәдени ортаға бейімделуге және студенттік қауымдастықтың бір мүшесі болуға көмектеседі.
Атап айтқанда, шетелдік студенттер Қазақстанға келу, қажетті құжаттарды рәсімдеу, көші-қон мәселелері, жатақханаға орналасу, университеттің тыныс-тіршілігімен және оқу үдерісімен танысу бойынша қолдау ала алады. Сонымен қатар волонтер-наставниктер шетелдік студенттерге жеке көмек көрсететін Buddy Support бағдарламасын дамыту жоспарланып отыр.
Welcome Centre аясында бағдарлау кездесулері, кеңестер, университет пен қалаға экскурсиялар, елдердің мәдениетін таныстыру шаралары, ұлттық мерекелер мен түрлі халықтардың дәстүрлеріне арналған іс-шаралар, сондай-ақ білім беру, тілдік және шығармашылық жобалар өткізіледі.
Орталық жұмысына шетелдік оқытушыларды, ғалымдар мен шақырылған мамандарды тарту да көзделген. Олар ағылшын тіліндегі сөйлесу сабақтарын, ашық дәрістер, шеберлік сабақтары мен тақырыптық кездесулер ұйымдастыра алады. Бұдан бөлек, білім беру, мәдениет және халықаралық мүмкіндіктерге арналған тілдік клубтар, тренингтер, таныстырылымдар мен кинокөрсетілімдер өткізу үшін American Corner өкілдерімен ынтымақтастық орнату жоспарланған.
Welcome Centre – өзара қолдау, еркін қарым-қатынас және студенттік бастамаларды жүзеге асыруға арналған орта. Мұнда әрбір шетелдік студент қажетті көмегін алып, жаңа достар тауып, Amanzholov University студенттік қауымдастығының ажырамас бөлігіне айнала алады.
