6 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДОКТОРАНТТАР МЕН МАГИСТРАНТТАРҒА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасында «Диссертацияны дайындау әдіснамасы: мәселені қоюдан зерттеу нәтижелерін ұсынуға дейін» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды.

Семинарды шетелдік ғалымдарды университетке тарту бағдарламасы аясында шақырылған Алтай мемлекеттік университеті География институтының Экономикалық география және картография кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы Александр Николаевич Дунец өткізді.

Ғылыми басқосуға Экология және география кафедрасының білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан докторанттар мен магистранттар қатысты. Семинарда диссертациялық жұмысты әзірлеудің негізгі кезеңдері, ғылыми мәселені айқындау, зерттеудің мақсаты мен міндеттерін белгілеу, әдіснамалық тәсілдер мен зерттеу әдістерін таңдау, ғылыми әдебиеттерді зерделеу, алынған деректерді өңдеу және талдау мәселелері кеңінен қарастырылды.

Профессор диссертациялық жұмыстың логикалық құрылымын қалыптастыру, зерттеудің ғылыми жаңалығы мен практикалық маңызын негіздеу, сондай-ақ алынған нәтижелерді сауатты ұсыну мен дәлелдеу жолдарына ерекше тоқталды.

Семинар кезінде қатысушылар диссертациялық зерттеулердің құрылымы мен мазмұнын жетілдіруге қатысты практикалық ұсынымдар алып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Кездесу жас зерттеушілердің ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар беріп, тәжірибе алмасу мен кәсіби пікірталасқа мүмкіндік жасады.