5 декабря 2023


ҚАЛА ӘКІМІ ШҚУ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар келді. Қонақ «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасының студенттерімен ақпараттық кездесу өткізді. Әңгіме барысында қала басшысы «Мемлекеттік қызметтің артықшылықтары» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, тұрақтылық, мансаптық өсу мүмкіндіктері, шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасу және арнайы тұрғын үй бағдарламасымен баспаналы болу мемқызметтің артық тұстары саналады.


Бұл көп жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Мемлекеттік қызметке орналасамын деген адам ҚР азаматы, 18 жасқа толған және жоғарғы білімді болуы тиіс. Бұдан басқа, ол салық қызметі органдарына кірістер мен мүлік туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті, — деді Жақсылық Омар.


Кездесу соңында студенттер әкімге сұрақ қойды.
Студент Назгүл Макееваның “Бос уақытта немен айналысасыз?” деген сұрағына қала басшысы отбасымен бірге серуендегенді және футбол ойнағанды жақсы көремін, деп жауап берді.


Айта кетейік, ШҚУ-да мемқызмет қатарына қосылуға сеп болатын мамандық саны мол. Университеттің міндеттеріне кәсіби дайындық және талантты жастарды жұмысқа ынталандыру кіреді.