29 Қаңтар 2024


ШҚУ СТУДЕНТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІНІҢ ФИНАЛИСІ АТАНДЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Жігер Сәрсенбаев республикалық пікірсайыс турнирінде жүлделі екінші орынды иеленді. Ауқымды зияткерлік ойынға еліміздің жеті өңірінен 64 қатысушы келген.


Жігердің айтуынша, ойыншылар шағын командаларға бөлінген. Оның серігі Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің студенті Ботагөз Сағымбекова болды.
Екі күн бойы жас пікірсайысшылар әлемдік және мемлекеттік саясат пен экономика тақырыптарында сөз сөйлеп, білім бәйгесіне түсті. Сонымен қатар, демеушілердің бірі – «KAZZINC» ЖШС-не қатысты тақырыптар да көтерілді.


– Республикалық турнир жоғары деңгейде өтті. Біз қатарластарымызбен сөйлесіп, көңілді және танымды уақыт өткіздік. Жалпы, дебатқа қатысқаныма үш жыл болды. Осы пікірсайыс алаңында өзімді сенімді сезіндім, – дейді ШҚУ студенті.


Дебат қорытындысы бойынша Жігер Сәрсенбаев пен Ботагөз Сағымбекова жүлделі екінші орынды, сондай-ақ 50 000 теңге ақшалай сертификатты иеленді.


Айта кету керек, шараны «Еркін сөз» дебат клубы ұйымдастырды.