6 Қыркүйек 2023


ШҚУ-ДЫҢ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНДЕ «ТІЛ – ТАТУЛЫҚ БЕЛГІСІ» АТТЫ ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫ ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Жоғары колледжінде «Тілдік пәндер» ПЦБ-ның ұйымдастыруымен «Тіл – татулық белгісі» атты зияткерлік ойын сайысы өтті. Тәуелсіздікті айрандай ұйытып отырған, саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті тілде жатыр. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай өткен іс-шараға С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Жоғары колледж оқытушылары, студенттер қатысты.
Мәртебелі тілді ұлықтаған шараның мақсаты – тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыра отырып, тілдер бірлігі мен ынтымақтастығын дамыту.
– Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Осындай мәнді де мағыналы, тіл мәртебесін биіктететін іс- шаралардың арқасында болашақ ұрпақ салиқалы әрі саналы, білімді әрі ізденімпаз болады деген сенімдеміз, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Жоғары колледжінің директоры Бибигуль Толегенова.
Іс-шара барысында білім алушылар өздерінің білімдерін сынап, тілді қаншалықты жақсы меңгергендерін көрсетті. «Қызықты тұрақты тіркестер» «Адасқан әріптер», «Мықты аудармашы» сияқты кезеңдерде білім алушылар логикалық сұрақтарға жауап беріп, ойларын ортаға салса, «Бәйге», » Сөз сырлары» сайысында студенттер тілдік дағдыларын жетілдіріп, жылдам әрі тез ойлануға қабілеттерінің жоғары екендіктерін көрсетті.