22 апреля 2024


СҚО-НЫҢ ТУМАСЫ, ШҚУ СТУДЕНТІНЕ УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Университет ұжымы әр студенттің жеке басына, отбасына түскен қиындыққа бейжай қарамайды. Күрделі жағдайға тап болған білім алушыға қол ұшын созуға қашанда даяр. Оқу орыны қызметкерлері солтүстікқазақстандық студентке жәрдемдесті. Өкінішке қарай студент бойжеткеннің үйіне тасқын су залал келтірген. Бұл жағдайды естіген білім ордасы ұжымы дереу қаржы жинаған.

Үміт Жұмағұл – С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың екінші курс студенті. Петропавловск қаласының тумасы. ЖОО ректоры грантында оқиды. Студенттің ата-анасының үйін толықтай су басып кеткен.

Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен студенттің отбасына көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Ақшалай көмек жинауға ЖОО басшылығы мен ұжымы қатысты.

Үміт Жұмағұлдың айтуынша, қазір оның отбасы қауіпсіз жерде. Үнемі байланыста.

– Әрине, үйіміздің тұруға жарамай қалғаны жүректі ауыртады. Ол үй әкем мен анамның қаншама еңбегі. Бәрі суға кетті. Қолдау білдіріп жатқан адамдар көп. Мемлекет тарапынан тиісті көмек жасалады деген сенімдемін. Бұл қиындықты да еңсереміз деген ойдамын. Университет басшылығына, оқытушыларға, қызметкерлер мен студенттерге көмек көрсеткені үшін алғыс білдіремін. Көп рахмет, – деді Үміт Жұмағұл.

Естеріңізге сала кетейік, С. Аманжолов атындағы ШҚУ бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелткен болатын. Оған қоса қызметкерлердің бір күндік жалақылары аударылған.