20 Мамыр 2024


«ANTIPARACRAFT-2024»: ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ТОП-5 ТІЗІМ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Бастауыш білім берудің педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттері Аружан Батырбекқызы мен Ақерке Қабиолдина Шығыс Қазақстан облысы құрамасының сапында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткен бірінші республикалық квест-ойында бақ сынады.
«ANTIPARACRAFT-2024». Интерактивті ойын бір өңірдің түрлі жоғары оқу орындарының студенттерінің басын қосты. Жастар бір ай бойы зияткерлік және шығармашылық байқауларда сайысқа түсіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өздерінің шешендіктерін, тапқырлығы мен білімдерін көрсетті.

Квест бірқатар қызықты тапсырмалардан тұрды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері бойынша тестілеу, бейнероликтер байқауы, SMART әдісімен әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша кейстерді таныстыру, авторлық жобаларды қорғау бар.
Алғашқы үш кезеңнің қорытындысы бойынша ШҚО құрамасы ТОП-10-ға кіріп, Көкшетауда өткен ақтық сынға қатысты.

– Финалда біз «Брейн-ринг» сынынан бірінші, ал жалпы командалық есепте төртінші орын алдық. Өзіміздің нәтижемізге қуаныштымыз, – дейді Ақерке Қабиолдина.

Айта кетейік, шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды.Негізгі мақсат – жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін нығайту.