19 июля 2024


ГЕРМАНИЯЛЫҚ ПРОФЕССОР: «МҰНДАЙ ЕСКЕРТКІШТЕР ТЕК ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА ЕМЕС, БҮКІЛ ӘЛЕМДЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕДІ»

Георг Август атындағы Геттинген университетінің профессоры Йоханнес Рекель, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Задаш Дүкенбаева және ШҚУ-дың тарих кафедрасының өкілдері Қоржынбай тауының етегінде орналасқан Ақбауыр тарихи-археологиялық кешеніне барды.
Экспедицияның қатысушылары бірегей ескерткіштің аумағымен танысып, әртүрлі дәуірлерге жататын археологиялық ескерткіштерді тамашалады. Олардың арасында қызыл охрамен салынған суреттері бар үңгір, «мұртты» қорғандар, гранит плиталары бар астрономиялық зертхана және петроглифтері бар «салттық алаң» ерекше орын алады. Нысанда барлығы 80-ге жуық элементтер ұсынылған, олар энеолиттен қола дәуіріне өту кезеңіне жатады.


-Мен ерте темір дәуірінен қалған ескерткішті көргеніме қуаныштымын. Олар тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сирек кездеседі. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректорына шақырту үшін алғыс айтамын, — деді Йоханнес Рекел.


Профессордың айтуынша, экспедицияның нәтижелері оның алдағы ғылыми жұмыстары үшін маңызды ақпарат көзі болады.