19 июля 2024
ШҚУ-ДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Бір апта бойы Доржи Банзаров атындағы Бурят мемлекеттік университетінің студенттері Шығыс Қазақстанның мәдениетін, тарихын, археологиясын және этнографиясын зерттеді.
Белгілі болғандай, Доржи Банзаров атындағы Бурят мемлекеттік университеті — Бурятия Республикасындағы жетекші көпсалалы оқу-ғылыми кешен. Ол өңірдің академиялық ғылыми-зерттеу институттары мен жетекші кәсіпорындарының зияткерлік әлеуеті мен материалдық-техникалық базасын тарта отырып, оқу процесі мен ғылыми зерттеулердің бірлігін жүзеге асырады. Университеттер арасындағы серіктестіктің арқасында бір-бірін қонаққа шақыру дәстүрі қалыптасты.
Осылайша, Бурят мемлекеттік университетінің 12 студенті және екі жетекшісі Шығыс Қазақстанда, нақты айтқанда Amanzholov University-де қонақта болды.
Бірінші күні делегаттар үшін №1 оқу ғимараты бойынша экскурсия өтті. Қонақтар «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығына, Coworking-ке, Ғылыми кітапханаға және Алтай археологиясы және мәдени мұражайына барды. Сондай-ақ, жазғы мектеп аясында «Шығыс Қазақстанның киелі нысандары ұлттық рухани сананы дамыту факторы ретінде» және «Шығыс Қазақстанның тарихи топонимдері» тақырыптарында дәрістер мен шеберлік сыныптары өткізілді.
Екінші күн де бурятиялық қонақтар үшін қызықты өтті. Олар облыс орталығында экскурсияға шығып, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Сол жағалаудағы кешенге барды.
— Бұл ұмытылмас күн болды. Әсіресе Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Сібе» базасына барғанда ерекше әсер алдым. Онда біз үшін «Сібе көлдерінің ертегі аңыздары» атты шеберлік сағаттары өтті. Сонымен қатар, біз «Абылайкит. Шығыс Қазақстандағы нығайтылған буддистік шіркеу» тақырыбында қызықты дәрісті тыңдадық. Сапар соңында бізді түрлі ойындар күтіп тұрды, — деді Доржи Банзаров атындағы Бурят Мемлекеттік университетінің магистранты Арсен Загирбеков.
Доржи Банзаров атындағы Бурят мемлекеттік университетінің студенттері үшін есте қаларлық сәт «Ақбауыр» археологиялық ескерткішіне саяхат болды.
— Біздің университеттер тарихи білім беру саласында достық қарым-қатынас орнатқанның арқасында, біз академиялық қабілеттерімізді шыңдай алатын жастар ғылыми мектебін ұйымдастыру бойынша осындай алғашқы жұмысымызды жүзеге асыра алдық, — деді Доржи Банзаров атындағы Бурят Мемлекеттік университетінің проректоры Виктория Номогаева.
Жазғы мектептің қорытынды іс-шарасында сертификаттар мен сыйлықтар тапсыру рәсімі өтті. БМУ-дың басшылығына ұлттық стильдегі сыйлықтар, ал шетелдік студенттерге Amanzholov University бренд өнімдері – университет логотипі бар заманауи шопперлер мен жейделер табысталды.