25 сентября 2024


COURSERA ПЛАТФОРМАСЫ: ЖОО ҒАЛЫМЫ СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ Coursera порталында «Жасушаға саяхат» атты қазақ тіліндегі курсын сәтті аяқтап, білім алушыларға сертификаттар табыстады. Биология ғылымдарының кандидаты, биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлназ Садықанова қашықтықтан оқыту платформасына қазақ тілінде курс жүктеген алғашқы ғалымдардың бірі.

Платформаға жүктелген курсқа республика көлемінде 100-ге жуық адам тіркеліп, алғашқы 30  білім алушы сертификаттарға ие болды. Олардың ішінде ШҚУ студенттері де бар.

Бұл сертификат түлектердің жұмысқа тұруына да оң ықпалын тигізеді.

— Coursera сайтындағы «Жасушаға саяхат» курсының мазмұны түсінікті, барлық тақырыптар қамтылған.  Қазақ тіліндегі қашықтықтан білім беру аясын кеңейткені үшін Гүлназ Садықановаға алғыс білдіремін. Оқытушының толық мәліметпен қамтыған курсында алған білімімді өз саламда қолданатын боламын, — деді «Химия-биология» БББ білім алушысы Айша Оралханова.

Қатысушылар курс мәліметті жеңіл түсінуге мүмкіндік беретін жеке тақырыптарға, логикалық байланысқа құрылған жүйелі курс деп баға берді. «Жасушаға саяхат» курсында жаcуша туралы ең өзекті, соңғы ғылыми  мәліметтер берілген.