27 сентября 2024
AMANZHOLOV UNIVERSITY БАЗАСЫНДА ИНКЛЮЗИВТІ БАСТАУЫШ МЕКТЕП АШЫЛДЫ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да инклюзивті бастауыш мектеп құрылды. Осы күзден бастап сөйлеу дамуы тежелген 5-6 жастағы балалар қатарластарындай мектеп формасын киіп, білім нәрімен сусындай ала алады. Бұл ата-аналар үшін зор қуаныш. Университет мамандары жеке көрсеткіштер мен дәрігерлік ұсыныстарды ескере отырып балаларға сапалы білім беруге дайын.
Инновациялық жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің университетке жұмыс сапары барысында таныстырылды. Ведомство басшысы өңірлік жоғары оқу орыны басшылығының бұл ісіне жоғары бағасын берді. Оның айтуынша, Инклюзивті бастауыш мектеп – ШҚО үшін ғана емес, ел үшін бірегей жоба.
— Министрліктің стратегиясында инклюзивті білім беру ең басым бағытқа ие. Инклюзивті білім беретін педагогтерді дайындауда іріктелген үздік ЖОО-лардың ішінде осы С.Аманжолов атындағы ШҚУ бар. ШҚУ арнайы инклюзия кабинеттерімен жабдықталған, керекті құрал-жабдықтар, әдістемелік материалдар қамтылған. Осы орайда сапалы заман талабына сай білім беріп отырған ШҚУ ел көлемінде көшбасшы, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
— Бірнеше жыл бойы біздің университет мамандары толыққанды дайындық жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта біз бастауыш білім беру саласындағы заңды қызметке лицензия алдық, — деп атап өтті С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Қазақ және орыс тілдеріндегі алғашқы сабақтар 15 қазанға жоспарланған. Оқу жылы ішінде аптасына бес рет педагогтар мен ассистенттер (студенттер мен магистранттар) ата-аналардың таңдауы бойынша негізгі және қосымша сабақтар өткізетін болады. Ұсыныстар тізімінде: логика, логопедия, сенсорлық-спорттық секциялар, робототехника, тілдерді үйрену және т.б. сабақтар бар.
— Инклюзивті бастауыш мектепте оқу баланың интеллектуалды, әлеуметтік және эмоционалды жетілуіне көмектеседі. Ал, бұл одан әрі даму мен сапалы өмір сүрудің негізі. Біз баланың ақыл-ойын белсенді шығармашылық әрекетке қатысатындай ықпал етіп, жағымды орта құруға көмектесеміз. Сондай-ақ тұрақты психологиялық тексеруге назар аударамыз. Даму динамикасы бастапқы және қорытынды диагностика деректерін салыстыру арқылы анықталады, — дейді Психология және түзету педагогикасы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Светлана Стельмах.
Кабинеттер ШҚУ-дың «Shygys Bastau» өндірістік цехында дайындалатын арнайы жиһазбен жабдықталған. Мектеп парталары мен орындықтарына қойылған негізгі талап – қауіпсіздік және көпфункционалдылық. Сонымен қатар, мектепте кедергісіз орта қамтамасыз етіліп, сапалы әдістемелік сүйемелдеу қарастырылған.
Инклюзивті бастауыш мектеп – бұл С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың инклюзия саласындағы екінші ауқымды жобасы. 2022 жылдан бері ЖОО базасында «Дана бала» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істейді.