27 сентября 2024


ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНЕ МАТЕРИАЛТАНУ, IT ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Өңірде ғылымды дамыту үшін университет базасында «Shygys Bastau» технопаркі құрылды. Нысанның негізгі қызметі – ғылыми коммерцияланған жұмыстарды және стартап жобаларды қолдауға бағытталған.

Қазіргі уақытта технопарк базасында бірнеше жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен «Су объектілерін тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру», «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы», сондай-ақ «Климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында Қазақстанның агроценоздарының су режимін мониторингілеу және болжау» гранттық қаржыландыру жобасы.

— С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дағы ғылым мен өндірісті дамытуға арналған ауқымды бастамалар өңірлік ғылымды дамытуға зор үлес қосады. «Shygys Bastau» технопаркінің құрылуы студенттерге, магистранттарға тек теориялық білім алып қана қоймай, өндіріспен өте тығыз байланыста болуға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. Ғылым және технологиялық саясат аясында көптеген жаңа зертханалар, жаңа кабинеттер ашылып жатыр, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Осы жобалар аясында университет ғалымдары мен өнертапқыштары зерттеу, талдау, болжау және тіпті өндіріспен айналысады. Технопарк қабырғасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы жиһаз жасалады. Оның қатарында үстел-вертикализатор, логопедиялық үстел, төсек-вертикализатор және т.б. бар. 

— Біздің миссиямыз – өңіріміздің экономикалық және ғылыми өсуіне жәрдемдесу. Технопарк құрамына цифрлық технологиялар және модельдеу зертханалары, инновациялық технологиялардың ғылыми-өндірістік зертханасы кіреді, — дейді ШҚУ-дың аға ғылыми қызметкері Алмасбек Мәуліт.

Айта кетейік, «Shygys Bastau» технопаркі білім алушылар үшін практикалық база саналады. Белсенді студенттердің авторлық стартап жобасын құру мүмкіндігі бар. Сол жерде бірден кураторлардан кәсіби кеңес те ала алады. Оған қоса, әзірлемені жүзеге асыру бойынша серіктестер тауып, өндіріске қатыса алады.