11 октября 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ГРАНТТЫ ӨТЕУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың бітіруші түлектеріне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері жас мамандар мен философия докторларының жұмысты өтеу міндеті жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесуге ШҚУ бітіруші түлектері, магистранттар, докторанттар, оқытушылық құрам қатысты. Қаржы орталығының маманы мемлекеттік грантта білім алған студенттің міндеттемелерін және Egov  порталы арқылы жүзеге асырылатын жұмыстарды түсіндірді.

— Жас мамандардың интеграциялық жұмыстары бойынша егов қосымшасы арқылы хабарламаларды жіберу, түлектердің жұмыс орны жайлы ақпараттарды сақтаудың біріңғай жүйесі жұмыс істейді. Мемлекеттік грант иегерлері өзіне жүктелген жауапкершіліктен хабардар болып, орындауға міндетті. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың мансап орталығы бөлімінен жыл сайын өзекті ақпаратты алып отырамыз, — деді «Қаржы орталығы» АҚ өкілі Ақзира Серікқали.

Оның айтуынша педагогикалық, техникалық, ауылшаруашылық мамандықтары бойынша грант иегерлері білім грантын 3 жыл өтеуге міндетті. «Серпін» бағдарламасының грант иегерлері 2 жыл өз мамандықтары бойынша 7 өңірде жұмыс істеуге тиесілі. Ал ауыл квотасымен білім алған студент ауыл мекемелерінде 3 жыл жұмыс істеп грантын өтеуге міндеттеледі. Сонымен қатар жұмысты өтеу міндетінен босатылу санаттары, Egov электронды үкімет порталын қолдану аясының артықшылықтарын түсіндірді.

— Кездесу пайдалы ақпаратқа толы болды. Грант иегері ретінде өз мамандығым бойынша грант өтемін қайда, қалай өтеу керектігі жөнінде ақпарат алдым. Сондай-ақ грант өтелімін кешіктірмеуге көмектесетін электронды үкімет порталының тиімділігін білдім, — деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 4-курс студенті Бүлдіршін Тұрдыбай

Шара соңында білім алушылар «Қаржы орталығы» АҚ өкілінен мемлекеттік грантты өтеу бойынша қызықтырған сұрақтарына жауап алды. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Professional Upgrading» орталығының жетекшісі жыл көлемінде әр бітіруші түлекпен жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.