19 сентября 2023


ШҚУ СТУДЕНТІ КИКБОКСИНГТЕН ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНА АЛТЫН САЛДЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының студенті Еркежан Дәулетжанқызы Өзбекстандағы халықаралық кикбоксинг турнирінде алтын медаль жеңіп алды. Бойжеткен 10 жасынан бастап бокспен және кикбоксингпен айналысады. Осы уақытқа дейін Еркежан бірнеше рет Қазақстан, Германия, Украина, Сербия және Азия халықаралық чемпионаттары мен турнирлерінің жеңімпазы атанды.
— Менің алғашқы жаттықтырушым – әкем. Ол маған өзін-өзі қорғауды үйреткісі келді, бірақ бір күні мен бокс және кикбоксингпен кәсіби түрде шұғылданғым келетінін түсіндім. Қазір әкем менің жаттықтырушым емес. Тек маңызды спорттық шараларда көмектесіп, маған қолдау көрсетеді. Кикбоксинг турнирі Ташкентте өтті. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қарсыластарым мықты болды, бірақ жеңіске жеттім, — дейді Еркежан.
Спортшының айтуынша, қазіргі уақытта Португалияда өтетін кикбоксингтен Әлем чемпионатына және Бокстан Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде.