12 ноября 2024


ШҚУ-ДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕСТІЛЕУГЕ ДАЙЫНДЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқытушыларға арналған «Педагогтың білімін бағалауға дайындықтың әдістемелік негіздері» тақырыбында оқыту семинары өтті.

Семинардың спикері Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының лекторы, т.ғ.к. Роза Чекетаева болды. Іс-шараның мақсаты — бітіруші түлектердің біліктілігін бағалау тестін тапсыруға дайындық жолдарын қарастыру. Семинар барысында студенттерді тестке дайындық кезінде Prob-teacher.test.center.kz, uapp.kz сайттарындағы тесттер арқылы дайындалудың әдістері талқыланды.

— Болашақ мамандарды тестке дайындау барысында олардың технологиялық, пәндік және педагогикалық білімдерін тиімді пайдалану маңызды. Сонымен қатар, студенттерге дайындық кезінде кітап оқытсақ, олардың тек 5%-ы ғана есте сақталады, ал дыбыс, бейне және аудио арқылы көрсетсек, студенттердің есте сақтау қабілеті 20%-ға дейін артады. Оқытушылардың бұл әдістерді пайдалану болашақ мамандардың ҚКП-ға дайындықтарын жеңілдетеді, — деп атап өтті спикер.

Шара соңында оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тақырып бойынша пікір алмасты.