2 июля 2025
БОЛАШАҚҚА СЕРПІЛІС: AMANZHOLOV UNIVERSITY – 2025 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕР
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының алаңында AMANZHOLOV UNIVERSITY студенттеріне көптен күткен дипломдарды табыстауға арналған жыл сайынғы салтанатты рәсім басталды. Бүгін IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі мен Бизнес және құқық жоғары мектебінің түлектері ресми түрде дипломды маман атанып, табысты еңбек жолына дайын екенін дәлелдеді.
Биыл IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебін 534 түлек тәмамдады, олардың 56-сы оқу орнын үздік дипломмен бітірді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл жоғары мектеп студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруда университет бойынша үздік деп танылды.
Жыл ішінде IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебін 774 студенті Coursera халықаралық платформасында білім алып, 1143 сертификат иеленді. 35 студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарында білім алды. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген профессорлық-оқытушылар құрамы мен салтанатты сәттің басты кейіпкерлерін ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген арнайы құттықтады:
— Бүгінгі күн – тек бір кезеңнің аяқталуы емес. Бұл – сіздер үшін болашаққа серпіліс. Алдарыңызда жарқын жаңалықтар, ауқымды жобалар мен лайықты жеңістер күтіп тұр. Сіздер үлкен еңбек пен ізденіске, жаңашыл ойлау мен кәсіби қалыптасуға толы жолдан өттіңіздер. Жаңа белестерді бағындырып, армандарыңыздың орындалуын тілеймін, – деді университет басшысы.
Іс-шара барысында ректор үздік дипломдарды, белсенді студенттерге алғыс хаттарды және Қабанбай батыр атындағы Әскери кафедра түлектеріне әскери билеттерді салтанатты түрде табыстады.
– Құрметті Мұхтар Әділбекұлы! IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің студенттерінің атынан Сізге шынайы алғысымды және терең ризашылығымды білдіремін. Сіздің креативті, өршіл әрі стратегиялық ойлауыңыз бізді жаңа жетістіктерге жетелеп, кез келген қиындықты жеңуге күш берді. Студенттердің өтініштеріне жылдам әрекет етуіңіз, шынайы қамқорлығыңыз бен назар аударуыңыз бізге даму, талантты ашу және сапалы білім алуға барынша жағдай жасады, – деп алғыстарын білдірді түлектер.
Ағымдағы оқу жылы Бизнес және құқық жоғары мектебі үшін де маңызды болды. Декан Асель Апышева атап өткендей, мектептің 24 білім беру бағдарламасы Білім сапасын қамтамасыздандырудың тәуелсіз агенттігінен (IQAA) сәтті аккредитациядан өтіп, бес жыл мерзімге аккредитацияға ие болды. Бұл – білім беру сапасының жоғары деңгейі мен халықаралық стандарттарға сәйкестігінің дәлелі. Сонымен қатар, 19 студент шетелде білім алып, 75 студент ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқудан өтті.
– Бүгін 276 студентіміз оқуын аяқтап отыр. Бұл – жай ғана сан емес, бұл – олардың жетістіктерінің, дарыны мен табандылығының айғағы. Біздің түлектер еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосатынына сенімдімін, – деді Асель Апышева.
Салтанатты шара кәсіби маман атанған түлектерге арналған әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Гүл шоқтарын және түрлі-түсті шарларын ала келген қонақтар алдында ШҚО шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Әртістер музыкалық композициялар орындап, әсем хореографиялық қойылымдар ұсынды.
Түлектер мен олардың жақындарының айтуынша, университет басшылығы жыл сайын ұмытылмас мерекелік көңіл күй сыйлай отырып, нағыз рухани мереке ұйымдастырады.