8 июля 2025


МАГИСТР ТҮЛЕКТЕРІН АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Amanzholov University-де магистратура түлектеріне арналған салтанатты шара өтті. Биыл магистрлер өз дипломдарын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовтің қолынан алды. Халық қалаулысы өңірге жұмыс сапарымен келген.

Салтанатты рәсімге магистранттар, бакалавриаттың үздік түлектері мен “Серпін” бағдарламасының білім алушылары қатысты.

— Магистратура – бұл жай ғана білім алу кезеңі емес, кәсіби және тұлғалық өсудің, академиялық дамудың, білікті кадрларды қалыптастырудың маңызды құралы. Қоғам мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында, әсіресе білім беру саласында, магистр дәрежесінің болуы – уақыт талабы. Мемлекет жоғары білікті мамандар даярлаудың стратегиялық маңызын жақсы түсінеді, сондықтан азаматтарды магистратураға түсуге ынталандырудың және қолдаудың тиімді тетіктерін жүйелі түрде енгізіп келеді. Бұл білім беру жүйесін жаңғыртудың ішкі басымдықтарына да, халықаралық үздік тәжірибелерге де толық сәйкес келеді, — деді депутат өз сөзінде.

Шара барысында жаңа түлектер легі университеттің құрметті қонағына «Әділдік пен шындықтың жарқын үлгісі» атты естелік статуэткасын табыстады.

— Осы екі жылдық мазмұнды оқу кезеңінде талай қызықты оқиғалар мен жаңа тәжірибелер алдық. Қолға диплом алған сәтте бұл жолдың қаншалықты маңызды болғанын түсінеді екенсің. Алда – жаңа сынақтар. Өзімнің туған альма-матерімде докторантураға түсу жоспарымда бар, — деді Нариман Қайырбеков.

Мемлекет қайраткері сондай-ақ жас ғалымдардың үздік жобалары ұсынылған ауқымды ғылыми көрмемен танысты. Ол жастар арасында ғылыми-зерттеу қызығушылығын арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

— Бүгінде ғылыммен айналысып жүрген жастар – бұл технологиялық тәуелсіздік жолындағы басты қалқанымыз. Университеттер базасындағы инновациялар, стартаптар, жергілікті технологиялар – мұның барлығы экономиканың шикізатқа тәуелділігін төмендетеді. Ғалымдарымыз жаңа жаңалықтарға патент алып жатқанда, бұл – мемлекетіміздің әлемдік деңгейдегі жетілгендігін нақты көрсететін белгі, — деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да магистратураның 39 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Олардың ішінде еңбек нарығында бүгінгі таңда ерекше сұранысқа ие жаңа бағыттар бар:

·       «Білім берудегі менеджмент және көшбасшылық»,

·       «Білім беру саласындағы зерттеулер»,

·       «Цифрлық педагогика»,

·       «Философия және дінтану»,

·       «Туристік дестинациялар мен тұрақты даму менеджменті»,

·       «Ядролық физика және радиациялық материалтану»,

·       «Компьютерлік инженерия»,

·       «Экономика және басқару».