16 июля 2025
АЛТАЙДАН ЛИГУРИЯҒА ДЕЙІН: БОЛАШАҚТЫҢ ТУРЛИДЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Генуя университеті (Италия) 7M04111 «Туристік дестинациялар менеджменті және тұрақты даму» атты магистратураның инновациялық бірлескен білім беру бағдарламасын іске қосты.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың жаңа өсу нүктесі болуы керек деп атап өткен болатын.
— Туризм – жаһандық экономиканың қарқынды дамуына серпін беретін маңызды сала. Сонымен қатар, бұл сала инвесторлар үшін ең тартымды бағыттардың бірі. Әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 10% туризм қамтамасыз етеді. Әрбір төртінші жаңа жұмыс орны осы салада ашылады. Дүниежүзілік экспорттың 30%, инвестициялардың 7% және салықтық түсімдердің 5% туристік қызметтерге тиесілі. Қазақстанда экологиялық туризмнен бастап іскерлік туризмге дейінгі барлық бағыттарды дамытуға қажетті барлық мүмкіндіктер бар, – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа білім беру бағдарламасының мақсаты – туризмнің тұрақты даму саласында жүйелі білімге және тәжірибелік дағдыларға ие, заманауи технологиялар, ғылыми зерттеулер мен халықаралық стандарттарға сүйене отырып туристік дестинацияларды тиімді басқара алатын жоғары білікті мамандарды даярлау. Магистранттар туристік ресурстарды басқарудың озық әдістерін меңгеріп, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту жолдарын үйренеді.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, бұл білім беру бағдарламасы табиғи және мәдени мұраға бай Шығыс Қазақстан мен Абай облыстары үшін ерекше өзекті.
— Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында көрнекті орындар мен туристік қызметтерді біріктіретін туристік кластер қалыптасып келеді. Біздің өңірлер экотуризм, этнографиялық бағыттар мен тарихи турлар үшін бірегей әлеуетке ие. Мысалы, Алакөл көлі, Берел қорғандары, Абайдың туған жері сияқты маңызды нысандар бар. Жаңа білім беру бағдарламасы түлектерімізге мәдени бренд қалыптастыру саласының маманы болуға жол ашады. Біз халықаралық тәжірибені жергілікті ерекшеліктермен үйлестіре отырып, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ұсынамыз және туристік инфрақұрылымды сапалы жаңа деңгейде дамытуға ықпал етеміз, – деді ректор.
Айта кетейік, Amanzholov University-дің серіктесі – Италияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Генуя университеті — туризм мен қонақжайлылық саласында үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келеді. University of Genoa-мен серіктестік бірлескен ғылыми жобаларға қатысуға және Италияда тағылымдамадан өтуге мол мүмкіндік береді.