30 июля 2025
C.АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА «МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – «Мамандығым – Болашағым» жобасының Шығыс Қазақстан облысындағы өңірлік офисі. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен, халық табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. Жобаның мақсаты – өңірде сұранысқа ие және болашағы бар мамандықтарды анықтап, Шығыс Қазақстан облысының жаңа мамандықтар Атласын әзірлеу.
2024 жылғы сәуір айында С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 20 қызметкері жоба аясында форсайт зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттық курстан өтті. Курсты аяқтаған мамандар өңірлік жобалық кеңсенің құрамына кіріп, өңірдің кадр қажеттілігінің картасын жасауға бағытталған форсайт зерттеуге қатысады.
Жоба ШҚО үшін маңызды салаларды қамтиды: металлургия, білім беру, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм. Бұл салалар облыс экономикасының даму перспективалары мен қазіргі қажеттіліктеріне сәйкес басым бағыттар ретінде белгіленген.
Жобаны жүзеге асыру аясында өңірдегі 150-ден астам жұмыс берушіге сауалнама жүргізіліп, 350-ден астам ШҚО тұрғыны анкетаға қатысты, сондай-ақ білім беру саласының 400 өкілімен зерттеу жүргізілді. Әр сала бойынша өңірдегі ірі кәсіпорындар мен компаниялардың бірінші басшылары және топ-менеджерлерімен тереңдетілген сұхбаттар өтті. Мысалы, 29 шілде күні «Металлургия» бағыты бойынша «ҮМЗ» АҚ кадрлер жөніндегі директордың міндетін атқарушы Евгений Витальевич Данькомен сұхбат ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер тек ресми мәліметтерге емес, нақты басқарушылық тәжірибеге сүйене отырып пікір алуға, сондай-ақ сала, кәсіпорын және өңір дамуының өзекті мәселелері мен болашағын айқындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта
университет базасында салалық сарапшылар мен мамандарды тарта отырып
форсайт-сессияларды ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл сессиялар арқылы
алдағы 5–10 жылда сұранысқа ие болатын мамандықтар мен құзыреттер анықталады.
Осы зерттеулер болашақ еңбек нарығы талаптарына сай білім беру бағдарламаларын
жаңарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді және ШҚО-ның жаңа
мамандықтар Атласын дайындауға негіз болады.