10 тамыз 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҮЛКЕН АЛТАЙДЫҢ КЛИМАТТЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРІН ЗЕРТТЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБА ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Таулардың еруі: Үлкен Алтайдың қоршаған ортасы, қоғамы және климаттық вертикальды шекарасы (1950–2020 жж.)» атты халықаралық ғылыми жоба аясында кіріспе пікірталас кездесуі өтті.
2025–2029 жылдарға жоспарланған халықаралық ғылыми жоба Үлкен Алтай аумағындағы климаттық өзгерістердің қоршаған ортаға, табиғи экожүйелерге, қоғамға және табиғатты пайдаланудың дәстүрлі нысандарына әсерін кешенді зерттеуге бағытталған. Зерттеу аясында климаттың ұзақ мерзімді өзгерістері, олардың таулы аумақтардың табиғи экожүйелеріне әсері, сондай-ақ жергілікті халықтың табиғатты пайдаланудың дәстүрлі тәжірибелеріндегі өзгерістер зерделенеді.
Іс-шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ректорының міндетін атқарушы Ирина Владимировна Ровнякова, жобаның жетекшісі, Шығыс Еуропа тарихы мен мәдениетін зерттеу жөніндегі Лейбниц институты (Leibniz Institute for the History and Culture of Eastern Europe) директорының орынбасары Юлия Херцберг, институттың ғылыми қызметкері Андрей Владиславович Виноградов, «Arman Partners» ЖШС жетекші талдаушысы Алексей Сергеевич Литвинов, Amanzholov University «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Майра Шуршитбайқызы Тарлаубай, орталықтың кіші ғылыми қызметкері Ұлту Мұратбекқызы, «Алтайтану» ҒЗО қызметкерлері және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Халықаралық серіктестің ғылыми әлеуеті
Кездесу барысында Юлия Херцберг Шығыс Еуропа тарихы мен мәдениетін зерттеу жөніндегі Лейбниц институтының құрылымын таныстырып, оның ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Институттың экологиялық, климаттық және эпидемиялық тарих, археология, сәулет және құрылыс тарихы, кеңістіктік жоспарлау, экономикалық тарих, технологиялар трансфері, сондай-ақ зорлық-зомбылық, қақтығыстар, бейбітшілік, азшылықтар және гуманитарлық үдерістерді зерттеуді біріктіретін пәнаралық тәсіліне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ тарихи зерттеулерді жаратылыстану және биологиялық ғылымдармен ықпалдастыру мәселесі қарастырылды. Институттың археологиялық зерттеулерінде дендрохронологиялық және ДНҚ-талдауы сияқты заманауи әдістер қолданылады.
Сонымен қатар тарихи және әлеуметтік-мәдени үдерістерді зерттеудің заманауи әдістерін дамытуға ықпал ететін Citizen Science және цифрлық гуманитаристика (Digital Humanities) сияқты перспективалы бағыттар таныстырылды.
Зерттеудің алғашқы нәтижелері таныстырылды
Шығыс Еуропа тарихы мен мәдениетін зерттеу жөніндегі Лейбниц институтының ғылыми қызметкері Андрей Виноградов жоба аясында осы уақытқа дейін жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін таныстырып, алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
2025 жылғы мамыр–маусым айларында Шығыс Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінде 25 сұхбат жүргізілді. Зерттеу Өскемен, Катонқарағай, Берел, Орел және Рахман қайнарларын қамтыды.
Респонденттер қатарында малшылар, аңшылар, метеорологтар, гидрологтар, ұлттық парк инспекторлары, мұғалімдер және туристік базалардың иелері болды. Сонымен қатар маусымдық қоныстарда – қыстаулар мен жайлауларда далалық бақылау жұмыстары жүргізілді.
Зерттеудің маңызды бөлігі архивтік материалдармен жұмыс істеуге арналды. Өңірлік мерзімді басылымдардың материалдары, ведомстволық дереккөздер, революцияға дейінгі құжаттар және тарихи фотоматериалдар зерделенді. Бұл деректер табиғи ландшафттардың өзгерістерін және табиғатты пайдаланудың дәстүрлі нысандарының трансформациясын бақылауға мүмкіндік береді.
Зерттеу географиясы кеңейтіледі
Келесі кезеңде зерттеу географиясын Моңғолияның Баян-Өлгей және Ховд аймақтарына, сондай-ақ Қытайдың Алтай өңіріне кеңейту жоспарлануда. Қазақстан мен Қытай архивтерінде жұмыс жүргізу, сондай-ақ 2027 жылға жоспарланған жазғы мектепке қатысу көзделіп отыр.
Кездесу барысында қатысушылар халықаралық ғылыми жобаның алдағы бағыттарын, ғылыми ынтымақтастықтың негізгі тетіктерін, зерттеу әдістері мен басты міндеттерді талқылады.
Халықаралық жоба аясындағы бірлескен зерттеулер Шығыс Қазақстанның табиғи және тарихи-мәдени ерекшеліктерін жаңа ғылыми тәсілдер арқылы зерделеуге, климаттық өзгерістердің өңірге әсерін бағалауға, сондай-ақ алынған нәтижелерді халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялауға бағытталған.
Жобаны іске асыру Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтуге, өңірлік зерттеулерді дамытуға және Үлкен Алтайдың табиғи әрі тарихи-мәдени мұрасын терең ғылыми тұрғыдан зерделеуге ықпал етеді.


