28 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

23–24 сәуір күндері Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «6B013 – Биология мұғалімдерін даярлау» бағыты бойынша XVIІІ Республикалық пәндік олимпиада өтті.

Аталған білім додасына Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 4-курс студенттері қатысып, университет намысын лайықты деңгейде қорғады. Атап айтқанда:

Анель Акылбекова – 6В01505 – Биология БББ,

Аружан Кумарбекова – 6В01505 – Биология БББ,

Куанкан Бекболат – 6В01512 – Биология-жаратылыстану БББ.

Олимпиада қорытындысы бойынша 19 команданың арасынан Анель Акылбекова жүлделі І орынға ие болды. Команда құрамындағы өзге студенттер белсенді қатысқаны үшін сертификаттармен марапатталды. Бұл – студенттердің сапалы дайындығы мен табандылығының, сондай-ақ кафедрадағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Осы орайда, студенттердің білім мен ғылым жолындағы дамуына тұрақты қолдау білдіріп келе жатқан Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлына алғысымызды білдіреміз. Университет басшылығы тарапынан көрсетілетін қолдау студенттердің республикалық деңгейдегі білім сайыстарына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне берік негіз қалайды.

Сонымен қатар, олимпиаданы өте жоғары деңгейде ұйымдастырып, мазмұнды әрі тағылымды орта қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымына және «Биология» кафедрасының оқытушы профессорлық құрамына, кафедра меңгерушісі, профессор Ғани Исаевич Исаевқа үлкен сезіммен ризашылығымызды білдіреміз.

Бүгінгі жетістік – тек бір күннің жемісі емес, ол тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесі. Студенттеріміздің алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, университет мерейін асқақтата беретініне сенім мол.