24 сәуір 2026


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ӨНДІРІСТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА – КӘСІБИ ДАМУДЫҢ МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢІ

Өндірістік (педагогикалық) практика – студенттердің кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең. Ол теориялық білімді нақты оқу процесінде бекітуге, білім беру мекемесі жағдайында жұмыс істеу ерекшеліктерін меңгеруге, сондай-ақ мектеп педагогтарының тәжірибесін зерделеп, құнды педагогикалық дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өндірістік педагогикалық практика Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттерімен ұйымдастырылды. Студенттер Өскемен қаласындағы «Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейі», «Ыбырай Алтынсарин атындағы №39 орта мектебі» және №32 орта мектеп базаларында ашық сабақтар өткізді. Практика жетекшісі – педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Г.Н. Губайдуллина.

Сабақтар «ДосболLIKE», «Мен 5-сыныпқа өзіммен не аламын?», «Менің эмоцияларым – менің әлемім», «Зейін туралы не білеміз?» сияқты өзекті тақырыптарда ұйымдастырылды. Барлық сабақтар заманауи білім беру технологияларын қолдана отырып, интерактивті форматта өтті. Атап айтқанда, топтық жұмыс, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және ойын элементтері тиімді пайдаланылды. Оқушылар сабақ барысында белсенділік танытып, қызығушылықпен қатысып, тапсырмаларды ынтамен орындады.

Болашақ педагог-психологтар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсете отырып, сабақ құрылымын тиімді ұйымдастыра алды, цифрлық ресурстарды орынды қолданды және қолайлы психологиялық ахуал қалыптастырды.

Сабақтардан кейін студенттер тарапынан өзін-өзі талдау жүргізіліп, практика жетекшісі тарапынан кәсіби талдау жасалды. Сонымен қатар, мектеп психологтары мен сынып жетекшілері өткізілген сабақтарға жоғары баға берді.