27 марта 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ ҚҰРАЛЫ

Жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және білім сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 9–22 наурызы аралығында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті химия кафедрасының оқытушылары — химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Абылкасова және педагогика ғылымдарының магистрі Шынар Саньязова академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Шәкәрім атындағы университет-інде тағылымдамадан өтті.

Іссапар барысында оқытушылар 6B05301 – Химия, 7M05301 – Химия және 8D05301 – Химия білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға (студенттер, магистранттар, докторанттар) дәрістер оқыды. Сабақтар «Органикалық химия», «Органикалық химияның гетероциклді қосылыстары», «Сандық химиялық талдау» және «Органикалық химияның заманауи мәселелері» пәндері аясында ұйымдастырылды.

Дәрістер барысында заманауи химияның теориялық негіздері мен зерттеудің практикалық әдістері қарастырылды. Әсіресе титриметриялық талдау мәселелеріне, сондай-ақ органикалық синтездің қазіргі бағыттарына ерекше назар аударылды. Білім алушылар өздерінің теориялық білімдерін тереңдетіп қана қоймай, ғылыми зерттеулердегі жаңа тәсілдермен танысты.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етіп, жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-педагогикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.

Академиялық ұтқырлық – тәжірибе алмасудың және білім сапасын арттырудың маңызды құралы. Мұндай әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз.