14 сәуір 2026


ҒАРЫШҚА ҚАДАМ: ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының базасында «Armandar kerueni» жобасы аясында ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар балалар арасында «Ғарыш – Космос» тақырыбында сурет және қолөнер байқауы өтті.

Байқауға Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде білім алатын 6 мен 18 жас аралығындағы балалар қатысып, 200-ден астам шығармашылық жұмыс ұсынылды. Қатысушылар өз туындылары арқылы ғарышқа, ғылымға және қоршаған ортаға деген қызығушылықтарын көрсетіп, ерекше қиял мен креативтіліктің үлгісін танытты.

Аталған байқау Ғылым күніне орай ұйымдастырылып, ерекше балаларды шығармашылық және танымдық ортаға тартудың тиімді алаңына айналды. Сонымен қатар, бұл бастама олардың өз қабілеттерін ашуына, қоғаммен етене араласуына және өзін еркін көрсетуіне мүмкіндік берді.

Іс-шараның негізгі мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, ғылым мен ғарышқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ олардың қоғамдағы белсенділігін қолдап, тең мүмкіндіктер қалыптастыру.

Осындай игі бастамалар инклюзивті білім беру ортасын дамытуға серпін беріп, әрбір баланың қоғам өміріне толыққанды қатыса алатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.