8 мамыр 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ЛОНДОНДА ӨТКЕН FREEDOM OF THE CITY OF LONDON МӘРТЕБЕЛІ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ
Лондонның тарихи әкімшілік орталығы — Guildhall ғимаратында Ұлыбританиядағы ең көне азаматтық марапаттардың бірі саналатын Freedom of the City of London сыйлығын табыстаудың салтанатты әрі жабық форматтағы рәсімі өтті. Іс-шараға Amanzholov University өкілі профессор Гленн Агунг Холенің жеке шақыруымен қатысты.
Аталған марапаттың тарихы XIII ғасырдан бастау алады және дәстүрлі түрде сауда, білім беру, дипломатия, ғылым және халықаралық қатынастардың дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғаларға табысталады. Әр жылдары бұл марапатқа Winston Churchill (Уинстон Черчилль), Nelson Mandela (Нельсон Мандела), Florence Nightingale (Флоренс Найтингейл), Desmond Tutu (Десмонд Туту), Tim Berners-Lee (Тим Бернерс-Ли), Stephen Hawking (Стивен Хокинг) және Dwight D. Eisenhower (Дуайт Эйзенхауэр) секілді әйгілі тұлғалар ие болған.
Профессор Гленн Агунг Холе — University of South-Eastern Norway университетінің кәсіпкерлік, экономика және менеджмент саласындағы доценті, инновациялар, цифрлық трансформация, академиялық ынтымақтастық және менторлық бағыттарында 30 жылдан астам тәжірибесі бар халықаралық сарапшы. 2008 жылдан бері ол University of East London университетімен де белсенді ынтымақтастық орнатып, ментор ретінде академиялық және бизнес орта арасындағы халықаралық білім алмасуды дамытуға үлес қосып келеді.
Профессор Холенің Amanzholov University-дің құрметті профессоры екенін ерекше атап өткен жөн. Ол Қазақстанмен белсенді байланыс орнатып, өзінің академиялық және сараптамалық еңбектерінде елдің дамуы, білім беру, кәсіпкерлік және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне айрықша назар аударады.
Рәсімнің жабық форматта өтуі тараптар арасындағы жоғары сенім мен серіктестіктің деңгейін айқындады. Amanzholov University халықаралық әріптестермен, соның ішінде Норвегия университеттерімен ұзақмерзімді серіктестік байланыстарды жүйелі түрде дамытып келеді және осындай іс-шараларға қатысуды ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды алаңы ретінде қарастырады.
Алдағы ынтымақтастық аясында профессор Холенің 2026–2027 оқу жылында Amanzholov University-ге келіп, студенттерге дәрістер оқып, кездесулер өткізуі жоспарлануда.
Amanzholov University профессор Гленн Агунг Холені жоғары марапатымен шын жүректен құттықтап, халықаралық қызметі мен академиялық ынтымақтастықты дамыту жолындағы жұмысына толағай табыс тілейді.



