19 мамыр 2026


ANTALYA ТӨРІНДЕГІ ЖАРҚЫН ЖЕҢІС: AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ КИКБОКСИНГТЕН ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

2026 жылдың 13 мамырында Түркияның Анталья қаласында кикбоксингтен беделді Әлем кубогы өтті. Халықаралық додаға әлемнің әр елінен мықты спортшылар қатысып, өзара бақ сынады. Аталған турнирде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Жұмажан Мансур жеңімпаз атанып, Әлем кубогының чемпионы атағын иеленді.

Жас спортшы чемпиондық жолында Түркия елінің спортшыларымен үш тартысты жекпе-жек өткізіп, әр кездесуде жоғары дайындық деңгейін, қайсар мінезін, төзімділігі мен нағыз жауынгерлік рухын көрсетті. Сенімді өнерінің нәтижесінде ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, халықаралық аренада университет пен Қазақстанның абыройын асқақтатты.

Чемпионның айтуынша, кикбоксинг спортын таңдауы саналы шешім болған.

– Мен бұл спорт түрін болашағы бар бағыт ретінде таңдадым. Осындай жетістікке жетуіме топтастарым мен оқытушыларымның қолдауы үлкен әсер етті. Баршаңызға алғысымды білдіремін! Алда кикбоксингтен әлем чемпионаты күтіп тұр, сол жарыста да сіздердің қолдауларыңызға сенемін. Сонымен қатар кураторым Анель Серікқызына ерекше алғыс айтқым келеді, – деді Жұмажан Мансур.

Мансурдың бұл жеңісі – табанды еңбек, темірдей тәртіп, үздіксіз жаттығу мен өзіне деген сенімнің жемісі. Университет халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген студентінің жетістігін мақтан тұтады.

Amanzholov University ұжымы Жұмажан Мансурды жарқын жеңісімен құттықтап, алдағы әлем чемпионатында сәттілік, жаңа белестер мен толағай табыстар тілейді!