20 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫНДА ІІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ

19 мамыр күні Абай облысының ішкі саясат басқармасы ұйымдастыруымен Абай ауданы Жидебайда «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойын өтті. Ел руханиятының темірқазығына айналған Абай Құнанбайұлы мұрасын насихаттауға бағытталған бұл білім сайысына Қазақстанның әр өңірінен келген 11 команда қатысып, өз білімдері мен зерделерін ортаға салды.

Тартысты да тағылымды өткен зияткерлік додада қатысушылар ұлы ойшылдың шығармашылығы, қазақ әдебиеті мен ұлттық құндылықтар төңірегіндегі сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау мен білім деңгейін сынға салды.

Нәтижесінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенттерінен құралған команда жоғары білімдерін көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді. Команданың жетекшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор Картаева Айжан Маратбекқызы.

Бұл жеңіс – жас буынның Абай мұрасын терең меңгеріп, ұлттық руханиятқа деген құрметінің айқын дәлелі. Зияткерлік сайыс жас білімпаздардың білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ұлы ақынның тағылымды ойларын жаңа буын санасына сіңіруге үлкен мүмкіндік берді.