20 мамыр 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУГЕ АРНАЛҒАН «КЕЗДЕСУГЕ БІР ҚАДАМ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ WORKSHOP ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Арнайы және баламалы әдістер арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды инклюзивті қолдау» тақырыбында «Кездесуге бір қадам» атты қайырымдылық workshop ұйымдастырылды.
Ауқымды іс-шара инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби байланысын нығайтуға арналды. Workshop-қа жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, мектеп педагогтері, логопедтер, дефектологтар, психологтар, студенттер мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның пленарлық бөлімінде қатысушыларды университет басшылығы атынан «Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ» КЕ АҚ басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ирина Владимировна Ровнякова құттықтап, инклюзивті білім берудің қоғамдағы маңыздылығына тоқталды.
Пленарлық отырыста инклюзивті білім беру кеңістігін дамытуға бағытталған өзекті баяндамалар ұсынылды. Қатысушылар ШҚО мектептері педагогтерінің кәсіби қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері, инклюзивті білім беру жағдайындағы білім беру процесінің редизайны, ерекше балаларды оқытудағы цифрлық технологиялардың рөлі және инклюзивті математикадағы жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы ғылыми-практикалық зерттеулермен танысты.
Workshop аясында ұйымдастырылған шеберлік сыныптары үш ағым бойынша өтті. Әрбір бағыт ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін тәжірибелік тұрғыдан көрсетуге арналды.
Қатысушылар сөйлеу тілін дамыту, ұсақ моториканы жетілдіру, АРТ-терапия элементтерін қолдану, сенсорлық интеграция, ABA-терапия, эмоционалдық даму, бейімделген бағдарламаларды жүзеге асыру, инклюзивті сабақтарды ұйымдастыру және ерекше білімді қажет ететін оқушылармен тиімді жұмыс жүргізу тақырыптарындағы тәжірибелік сабақтарға қатысты.
Сонымен қатар workshop барысында ерекше балаларды ерте қолдау, коммуникациялық дағдыларды қалыптастыру, мектептегі командалық сүйемелдеу, цифрлық және жасанды интеллект технологияларын пайдалану секілді маңызды бағыттар кеңінен қамтылды.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды. Мамандар инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибелерін бөлісіп, болашақтағы бірлескен жобалар мен серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.
«Кездесуге бір қадам» workshop-ы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытындағы кәсіби қауымдастықтың ынтымақтастығын арттырып, инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды алаңға айналды.









