1 маусым 2026


«AMANZHOLOV BALA FEST» – БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН МЕРЕКЕ

2026 жылғы 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде университет қызметкерлерінің балаларына арналған «Amanzholov Bala fest» мерекелік фестивалі өтті.

Іс-шараны «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы 3-курс студенттерімен бірлесіп ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасының студенттері (кураторы – Қылибаева Гүлнұр Кенжеханқызы) және «Дефектология» білім беру бағдарламасының студенттері (кураторы – Тұрымтаева Бибінұр Ержановна) мерекенің жоғары деңгейде өтуіне белсенді атсалысты.

Мерекелік шара барысында балалар мен олардың ата-аналарын Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякова құттықтап, бүлдіршіндерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ және жарқын болашақ тіледі.

Фестиваль университеттің бас ғимараты алдындағы алаңда басталып, балалар ән айтып, би билеп, түрлі ойындар мен қызықты байқауларға қатысты. Көңілді әуен, шат күлкі мен көтеріңкі көңіл-күй мерекенің ерекше атмосферасын қалыптастырды.

Одан әрі мерекелік бағдарлама «Dana bala» орталығының мамандандырылған кабинеттерінде жалғасып, балалар шығармашылық және дамытушы іс-әрекеттерге белсенді қатысты.

Балаларға арналған тәтті сыйлықтар мен жүлделер университет қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіподақ комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Amanzholov Bala fest» фестивалі балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, ата-аналар, оқытушылар мен студенттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтқан жарқын мерекеге айналды. Іс-шара барлық қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй, жағымды әсер мен ұмытылмас естеліктер сыйлады.