16 маусым 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫЛАРЫ «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ МЕНЕДЖМЕНТ АКАДЕМИЯСЫНДА БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА
15–18 маусым аралығында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессор-оқытушылар құрамынан құралған тоғыз адамдық делегация Астана қаласында өтіп жатқан «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының сертификаттық бағдарламасына қатысуда.
Оқу бағдарламасы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы» жеке мекемесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылған. Бағдарламаның мақсаты – басшылар мен кадрлық резерв өкілдерінің функционалдық құзыреттерін дамыту, мемлекеттік және жергілікті басқару, көшбасшылық, стратегиялық жоспарлау және қоғамдық-саяси қызмет салаларындағы кәсіби дағдыларын жетілдіру.
Бағдарламаның ғылыми жетекшісі – мемлекет және қоғам қайраткері, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тамара Босымбекқызы Дүйсенова.
Көлемі 36 академиялық сағатты құрайтын оқу бағдарламасы жеке көшбасшылық пен құндылықтық бағдарлар, өңірлер мен жергілікті қауымдастықтарды дамыту, салық салу және бюджеттік жоспарлау, халықпен және ұжыммен тиімді коммуникация орнату, заманауи саяси үдерістер мен электоралдық науқандар мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар, тыңдаушылар практикалық жобалық жұмыстарға қатысып, Академияның сарапшылар кеңесіне ұсынылатын қорытынды жобаларын әзірлейді.
Amanzholov University делегациясының құрамында Бизнес және құқық жоғары мектебі, Ақпараттық технологиялар және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі, сондай-ақ Педагогика жоғары мектебінің өкілдері бар:
- Ержан Бағданұлы Домалатов – Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры, экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторы;
- Динара Самарқанқызы Мамырбекова – Бизнес және құқық жоғары мектебі деканының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторы;
- Айнагүл Жапарова – экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторы;
- Айгүл Слямғалиевна Асубаева – экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторы;
- Мадина Бауыржанқызы Бажигалиева – экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторы;
- Жеңіскүл Зейнешқызы Жантасова – жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты;
- Сания Нұрланбекқызы Кубентаева – жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты;
- Жанат Маратқызы Сейтахметова – жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD;
- Қымбат Даутбекқызы Қанапиянова – психология және түзету педагогикасы кафедрасының сениор-лекторы.
Университет оқытушыларының аталған бағдарламаға қатысуы олардың басқарушылық, талдамалық және коммуникативтік құзыреттерін дамытуға, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен кәсіби байланыстарын кеңейтуге, сондай-ақ білім беру, ғылыми және қоғамдық қызметке заманауи тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Оқу қорытындысы бойынша қатысушыларға мемлекеттік басқару мен қоғамдық көшбасшылық саласындағы кәсіби құзыреттерін арттырғанын растайтын «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының сертификаттары табысталады.




