1 шілде 2026
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ЗИЯТКЕР ҰЛТТЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ
Бүгін – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи күн. 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда азаматтар қолдау білдірген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді.
Бұл – құқықтық құжаттың жаңаруы ғана емес. Бұл – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын білдіретін маңызды белес. Жаңа Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындап, әділетті қоғам құрудың, заң үстемдігін орнықтырудың және әрбір азаматтың жауапкершілігін арттырудың жаңа негізін қалыптастырады.
Бүгінгі таңда әлемде табысты мемлекеттердің басты капиталы табиғи ресурстар емес, білімді адам, қуатты ғылым және инновация екені айқын дәлелденіп отыр. Сондықтан жаңа Конституцияда ғылымға, білімге, технологиялық жаңғыруға және адами капиталды дамытуға басымдық берілуі – уақыт талабынан туындаған стратегиялық шешім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа даму кезеңінде Заң мен Тәртіп қағидатын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырды. Бұл ұғым заң талаптарын орындаумен ғана шектелмейді. Ол – әділдік, жауапкершілік, ашықтық, азаматтық мәдениет және қоғамдағы өзара сенім.
Заң үстемдік құрған жерде тұрақты даму болады. Әділет салтанат құрған жерде азаматтардың мемлекетке деген сенімі нығаяды. Ал сенім бар жерде ғылым, білім, кәсіпкерлік пен инновация қарқынды дамиды.
Бұл қағидаттарды жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының орны ерекше.
Бүгінгі университеттің міндеті тек диплом берумен шектелмеуі тиіс. Біздің басты мақсатымыз – кәсіби құзыреттілігі жоғары, сыни ойлайтын, отансүйгіш, заңды құрметтейтін және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат тәрбиелеу.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті дәл осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз білім мен ғылымды дамыту арқылы өңірдің интеллектуалдық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, еліміздің тұрақты дамуына үлес қосуды басты миссиямыз деп санаймыз.
Университет бүгінде халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесін дамытып, ғылыми зерттеулерді қолдап, цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне енгізуде. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен, прокуратурамен, сот жүйесімен және мемлекеттік мекемелермен тығыз әріптестік орнатып, тәжірибеге бағытталған білім беру моделін қалыптастырып келеді.
Соның айқын көрінісі – прокуратурамен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Күш бірлікте» жобасы. Жоба аясында дарынды талапкерлерге білім беру гранттары тағайындалып, құқық қорғау жүйесі үшін жаңа буын кәсіби мамандарын даярлау ісіне нақты қолдау көрсетілуде. Бұл – Конституцияда айқындалған заң үстемдігі мен әділетті қоғам қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты мысалы.
Жаңа Конституция жастарға зор мүмкіндік пен үлкен жауапкершілік жүктейді. Ертең еліміздің ғылыми жаңалықтарын жасайтын, экономиканы дамытатын, мемлекеттік басқаруды жетілдіретін, әділ сот төрелігін жүзеге асыратын және қоғамның дамуына ықпал ететін де – бүгінгі студенттер.
Сондықтан Конституцияға деген құрмет оның баптарын білумен ғана өлшенбейді. Ол күнделікті өмірде заңды сақтау, адал еңбек ету, үздіксіз білім алу, кәсіби біліктілікті арттыру және ел болашағына жауапкершілікпен қарау арқылы көрінеді.
Жаңа Конституция – болашаққа бастайтын стратегиялық бағдар. Оның өміршеңдігі әрбір азаматтың ұстанымына, мемлекеттік институттардың тиімділігіне және білім мен ғылымның даму деңгейіне байланысты.
Біз Amanzholov University-де осы құндылықтарды басшылыққа ала отырып, еліміздің өркендеуіне қызмет ететін бәсекеге қабілетті, жаңашыл әрі жауапты мамандар даярлауды жалғастыра береміз. Өйткені қуатты Қазақстанның негізі – сапалы білімде, дамыған ғылымда, заң үстемдігінде және саналы азаматтарда.
Мұхтар Төлеген,
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры