2 шілде 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ДАРЫНДЫ ТАЛАПКЕРГЕ 4 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ГРАНТЫН ТАҒАЙЫНДАДЫ

Бүгін – еліміздің құқықтық тарихындағы ерекше күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл тарихи оқиға елімізде заң үстемдігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға және құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталған жаңа кезеңнің бастауын білдіреді. Осындай маңызды күні Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті құқық саласының болашақ мамандарын қолдау бағытындағы игі дәстүрін жалғастырып, дарынды талапкерге білім беру грантын табыстады.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті дарынды әрі мақсатшыл жастарды қолдау дәстүрін жалғастыруда. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен «Құқықтану» білім беру бағдарламасына оқуға түсетін талапкер Құрманов Мерейге төрт жылдық білім беру гранты табысталды. Сонымен қатар, талапкерге оқу мерзімі бойы университет жатақханасында тегін тұру мүмкіндігі берілді.

Университет құқық қорғау органдарымен, прокуратурамен және сот жүйесімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Болашақ заңгерлердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру мақсатында бірлескен білім беру, тәжірибелік және тағылымдамалық жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Осы серіктестік аясында қолға алынған «Күш бірлікте» жобасы аясында университет жыл сайын құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат еткен дарынды талапкерлерге білім беру гранттарын тағайындап, олардың кәсіби қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсетеді.

Грант табыстау рәсімі барысында университет басшылығы сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту және талантты жастарды қолдау – оқу орны қызметінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Университет үшін талапкерлердің болашағына салынған инвестиция – еліміздің ертеңіне қосылған маңызды үлес.

Құрманов Мерей болашақта прокурор болып, заң мен әділеттілікке қызмет етуді мақсат еткен. Оның білімге деген құштарлығы, еңбекқорлығы мен жауапкершілігі бұл биік мұратқа жетуге мүмкіндік беретініне университет ұжымы сенім білдірді.

Дарынды жастарды қолдау Amanzholov University-де игі дәстүрге айналған. Өткен жылы «Күш бірлікте» жобасы аясында ұйымдастырылған «Заң және тәртіп» байқауының қорытындысы бойынша «Сот және прокурорлық қызмет» білім беру бағдарламасына түскен Екатерина Малиновскаяға да білім беру гранты тағайындалған болатын. Қазіргі таңда ол оқу озаты атанып, академиялық топтың старостасы ретінде белсенді қоғамдық жұмыстарға атсалысып келеді.

Университет басшылығы мұндай бастамалар жастардың сапалы білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына, құқық қорғау органдары үшін білікті кадрлар даярлауға және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті. Amanzholov University алдағы уақытта да құқық қорғау органдарымен және прокуратурамен бірлескен жобаларды жалғастырып, талантты жастарды қолдау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді.