8 шілде 2026
СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ VI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ТАРИХШЫЛАР, ТҮРКІТАНУШЫЛАР ЖӘНЕ АЛТАЙТАНУШЫЛАР ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІНЕ ҚАТЫСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері 2026 жылғы 29 маусым мен 3 шілде аралығында Ресей Федерациясының Барнаул қаласында өткен VI Халықаралық жас тарихшылар, түркітанушылар және алтайтанушылар жазғы мектебіне қатысты. Іс-шараны Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» ғылыми-білім беру орталығы ұйымдастырды. Жазғы мектептің негізгі алаңы ретінде «Лесные дали» парк-қонақүйі таңдалды.
Халықаралық ғылыми-білім беру жобасына университеттің 7М02202 – «Тарих» білім беру бағдарламасының магистранты және 6В01602 – «Тарих және қоғамтану IP» білім беру бағдарламасының бірінші және екінші курс студенттері қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының жетекші ғалымдары мен сарапшыларының дәрістерін тыңдап, ғылыми жобалар әзірлеуге арналған топтық жұмыстарға белсенді қатысты. Сонымен қатар тәжірибе алмасып, ғылыми пікірталастарға қатысып, белгілі зерттеушілермен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Жазғы мектептің мазмұны ғылыми дәрістермен ғана шектелмей, қатысушылар үшін танымдық және мәдени бағдарламалар да ұйымдастырылды. Олар Барнаул қаласының тарихи орындарын аралап, Алтай археологиясы мен этнологиясы музейіне экскурсия жасады. Бұдан бөлек, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған форсайт-сессиялар мен кинолекторийлерге қатысып, ортақ тарихи мұра туралы тың мәліметтермен танысты.
Бағдарламаға қатысқан Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Олжас Қанопиянов халықаралық жазғы мектептің маңыздылығына тоқталды.
«Менің ойымша, бұл жазғы мектептің ең басты мақсаты – туған өлкемізді тереңірек тану, өйткені бұл – әрбір түркі халқы үшін қасиетті мекен. Халықаралық жазғы мектепке қазақтар, қырғыздар, өзбектер және Ресей Федерациясынан келген студенттер жиналды. Сондықтан халықтарымыздың тарихын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бірге зерттеу біз үшін өте қызықты әрі пайдалы болды», – деді ол.
VI Халықаралық жас тарихшылар, түркітанушылар және алтайтанушылар жазғы мектебі жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және түркі әлемінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге бағытталған маңызды ғылыми-білім беру алаңына айналды. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби біліктілігін жетілдіріп қана қоймай, ғылыми көкжиегін кеңейтіп, жаңа зерттеу бағыттарын игеруіне және халықаралық ғылыми ортада тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.



