2 қыркүйек 2026
УНИВЕРСИТЕТ МҮМКІНДІКТЕРІ — КӘСІБИ БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
2026 жылғы 2 қыркүйекте AMANZHOLOV UNIVERSITY-де «Экономика және басқару», «Қаржы және есеп», «Туризм» білім беру бағыттарының 1-курс студенттеріне арналған «Өзіңе инвестиция жаса: университет — кәсіби жетістікке бастар жол» тақырыбында алғашқы таныстыру кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты — студенттерге жоғары білім алудың кәсіби қалыптасудағы маңызын түсіндіру, университеттің білім беру және кәсіби даму мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ алғашқы курстан бастап кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға бағыт беру.
Кездесге спикерлер ретінде Алима Алипова мен Айгүл Асубаева қатысып, студенттерге кәсіби даму, жеке әлеуетті жүзеге асыру және университет ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде ақпарат берді.
Іс-шара мотивациялық квест, университет бойынша экскурсия, шағын практикумдар және интерактивті тапсырмалар форматында ұйымдастырылды. Мұндай формат студенттердің оқу орнының құрылымымен танысып қана қоймай, білім беру үдерісінен тыс қолжетімді мүмкіндіктерді тәжірибелік тұрғыда түсінуіне мүмкіндік берді.
Кездесу барысында студенттер кәсіби дамудың негізгі бағыттарымен танысты. Атап айтқанда, білім беру бағдарламасын сапалы меңгеру, кәсіби құзыреттерді дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу, жобалар мен стартаптарды жүзеге асыру, университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласу, кітапхана ресурстарын пайдалану және кәсіпкерлік ойлау қабілетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
Кездесудің практикалық бөлімінде «Менің кәсіпкерлік қабілеттерім» тақырыбында тренинг өткізілді. Тренинг барысында студенттер бастамашылдық, креативті ойлау, командалық жұмыс және стандарттан тыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмаларды орындады.
Іс-шараның интерактивті бөлігін ұйымдастыруға Жоғары бизнес және құқық мектебінің жоғары курс студенттері де белсенді атсалысты. Олар бірінші курс студенттеріне университеттік ортаға бейімделу, оқу үдерісін ұйымдастыру және студенттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану бағытында тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында әр студентке «Бірінші курс студентінің кәсіби даму паспорты» ұсынылды. Аталған құрал студенттің университетте оқу кезеңінде өзінің кәсіби және тұлғалық дамуына қажетті мүмкіндіктерді кезең-кезеңімен анықтап, жеке даму бағытын қалыптастыруға арналған.
Кездесу барысында білім, дағды, тәжірибе, кәсіби байланыстар мен уақытты тиімді пайдалану студенттің кәсіби капиталының негізгі құрамдас бөліктері екені атап өтілді.
Бірінші курс студенттердің кәсіби қалыптасуының бастапқы кезеңі ретінде олардың жеке әлеуетін ашуға, қажетті құзыреттерді дамытуға және болашақ кәсіби қызметіне саналы түрде дайындалуына мүмкіндік береді. Осы бағыттағы кездесулер студенттердің университеттік ортаға бейімделуімен қатар, кәсіби даму траекториясын ерте кезеңнен қалыптастыруға бағытталған.









