9 қыркүйек 2026


ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН КӘСІБИ ДАЯРЛЫҚҚА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова №2 оқу ғимаратын аралап, оқу үдерісімен және білім алушыларға жасалған жағдайлармен танысты.

Қазіргі таңда ғимаратта Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра, музыка, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық бағыттары бойынша педагогтер даярлайтын кафедралар орналасқан. Мұнда білім алушылардың теориялық білімін практикалық дағдылармен ұштастыруға мүмкіндік беретін оқу-материалдық база қалыптасқан.

Аралау барысында оқу аудиториялары мен арнайы кабинеттердің жұмысы таныстырылып, білім алушылардың кәсіби даярлығына қажетті жағдайлар қаралды. Сондай-ақ практикалық сабақтар мен әскери-спорттық даярлықты ұйымдастыруға арналған нысандардың мүмкіндіктері көрсетілді.

Қабанбай батыр атындағы әскери кафедрада студенттер запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша білім алады. Қазіргі таңда кафедрада 102 студент білім алып жатыр. Болашақ запастағы офицерлер мен сержанттар оқу бағдарламасына сәйкес Ахмер полигонында далалық оқу-жаттығу жұмыстарынан өтеді.

Университетте әскери және дене шынықтыру даярлығымен қатар, жастардың бойында патриотизм, тәртіп, жауапкершілік және азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Сонымен бірге дәстүрлі даярлық бағыттарын заманауи технологиялармен ұштастырып, цифрлық және жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Аралау қорытындысы бойынша №2 оқу ғимаратындағы оқу үдерісін одан әрі жетілдіру, білім алушыларға жасалған жағдайларды жақсарту және материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша бірқатар басым бағыттар айқындалды.