12 қыркүйек 2026


«ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ҰЯСЫ»: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ QUIZ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Отбасы күніне орай «Отбасы – ұлттың ұясы» атты интеллектуалдық QUIZ ойыны ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық тәрбие мен мәдени мұраны насихаттау, қатысушылардың танымдық қызығушылығын арттыру және білім алушылар мен университет қызметкерлері арасында өзара ынтымақтастықты нығайту.

Интеллектуалдық сайысқа университет оқытушылары, Жоғары колледж өкілдері, белсенді студенттер мен студенттік ұйым мүшелерінен құралған 8 команда қатысты. Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша өз білімдері мен тапқырлықтарын сынап, жылдам ойлау және дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.

QUIZ сұрақтары отбасы құндылықтарымен қатар, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдебиет, тарих, өнер, кино және музыка тақырыптарын қамтыды. Сонымен бірге логикалық тапсырмалар да ұсынылып, ойынның мазмұнын жан-жақты аша түсті.

Сайыс кезінде командалар тек білімдерін көрсетіп қана қоймай, ұйымшылдық пен өзара қолдаудың маңызын да танытты. Өйткені интеллектуалдық ойынның нәтижесі жеке біліммен қатар, командалық жұмыстың үйлесімділігіне де байланысты болды.

Отбасы – адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасуына негіз болатын, ұлттық құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын қасиетті орта. Осы ретте Отбасы күніне арналған мұндай іс-шаралар жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, отбасының қоғамдағы маңызды рөлін тереңірек түсінуге ықпал етеді.

Ойын қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

І орын – «Эксклюзив» командасы
ІІ орын – «Бикештер» командасы
ІІІ орын – «Бәйтерек» командасы

Жеңімпаз командалар жүлделермен марапатталды. Ал қалған қатысушыларға белсенділігі мен сайысқа қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.

«Отбасы – ұлттың ұясы» атты QUIZ – білім мен ұлттық құндылықтарды, таным мен командалық бірлікті тоғыстырған мазмұнды іс-шара болды. Мұндай кездесулер университет қабырғасында өзара сыйластықты нығайтып, жастардың қоғамдық және мәдени бастамаларға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.