2 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ САНКТ-ПЕТЕРБУРГТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

2026 жылғы 28–29 қазанда Санкт-Петербург қаласында В. Б. Бобков атындағы Ресей кеден академиясының Санкт-Петербург филиалы ұйымдастырған «Кедендік оқулар – 2026» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Халықаралық ғылыми форумда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің атынан ғылыми жоба жетекшісі Әсел Ануарбекқызы Апышева мен аға ғылыми қызметкер Алма Жұмағалиқызы Байғұжинова қатысты.

Конференция халықаралық сауда, кедендік реттеу және экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдерінің басын қосты.

28 қазанда университет делегациясы «Кеден органдары қызметіндегі дәстүрлер мен жаңашылдықтар» тақырыбындағы пленарлық отырысқа қатысты. Жиын «Нева ратушасы» әкімшілік-іскерлік кешенінде өтті. Отырысты Ресей кеден академиясы Санкт-Петербург филиалы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Виталий Александрович Онов пен филиалдың ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы – жетекші ғылыми қызметкер Инна Викторовна Малышева жүргізді.

Отырыс барысында қатысушылар халықаралық сауданы дамыту перспективаларын, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды. Кеден органдарының қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге ерекше назар аударылды.

29 қазанда Ресей кеден академиясының Санкт-Петербург филиалында Amanzholov University өкілдері «ЕАЭО жағдайында Қазақстанның сүт өнімдері нарығындағы сыртқы экономикалық байланыстарын дамыту» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеу Қазақстанның сүт өнімдері бойынша сыртқы сауда қызметінің нәтижелеріне негізделген.

Баяндамада импорт пен экспорт операцияларының динамикасы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ерекшеліктері, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жеткізу тізбектерінің логистикасын жетілдіру мәселелері қамтылды. Зерттеу нәтижелері Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын дамытудың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Секциялық отырыстар аясында экономикалық интеграция, сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру және халықаралық сауда ынтымақтастығын нығайту мәселелері бойынша ресейлік зерттеушілермен кәсіби пікір алмасу өтті. Талқылауға Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының үшінші хатшысы Жаслан Алтайұлы Есмұханов та қатысты.

30 қазанда делегацияның ғылыми жұмысы Ресей кеден академиясының кітапханасында жалғасты. Университет өкілдері халықаралық сауда, кедендік реттеу, экономикалық интеграция және логистикалық жүйелерді дамыту бағытындағы ғылыми және оқу басылымдарымен танысты. Зерттелген материалдар алдағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қосымша ақпараттық негіз болмақ.

Халықаралық конференцияға қатысу ғылыми жоба нәтижелерін халықаралық академиялық алаңда таныстырудың маңызды кезеңіне айналды. Сонымен қатар ресейлік әріптестермен кәсіби байланыстарды кеңейтуге және алдағы ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді. Іссапар кезінде жинақталған материалдар зерттеу жұмыстарын жалғастыру, ғылыми жарияланымдар әзірлеу және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі сүт өнімдері ішкі жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады.

Ғылыми іссапар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық логистика жағдайында өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі сүт өнімдері ішкі жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты AP26101867 ЖТН ғылыми жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.