29 тамыз 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ!

2026 жылғы 29 тамызда Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің алаңында «Ерте диагностикалау және пәнаралық сүйемелдеуден — аутизм спектрі бұзылыстары және сөйлеу тілінің дамуы тежелген балалардың өмір сүру сапасын арттыруға дейін» атты облыстық форум өтті.

Іс-шара Amanzholov University мен Medical Center JYLU арасындағы бірлескен жұмыс аясында ұйымдастырылып, ерекше білім беру және басқа да қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге атсалысатын мамандардың басын қосты.

Форумға білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері қатысты. Кәсіби диалог барысында аутизм спектрі бұзылыстары және сөйлеу тілінің дамуы тежелген балаларды ерте диагностикалау, уақытылы көмек көрсету және кешенді сүйемелдеу мәселелері қарастырылды.

Мамандардың ведомствоаралық өзара іс-қимылына және үйлесімді жұмысына ерекше назар аударылды. Себебі кешенді тәсіл баланың даму ерекшеліктерін дер кезінде анықтауға, қажетті қолдау шараларын белгілеуге және оның толыққанды дамуына, білім алуына әрі әлеуметтенуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Форум кәсіби тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және аутизм спектрі бұзылыстары мен сөйлеу тілінің дамуы тежелген балалардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ олардың отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған бірлескен шешімдерді іздеу алаңына айналды.

Amanzholov University инклюзивті білім беру, ерте көмек көрсету және балалар мен олардың отбасыларын кешенді сүйемелдеу салаларындағы кәсіби қауымдастық пен серіктестік бастамаларды дамытуды жалғастыруда.

Форумның негізгі ұстанымы — ерте диагностикалау, уақытылы көмек көрсету және мамандардың үйлесімді әрекеті баланың білім алу траекториясына елеулі ықпал етіп, бүкіл отбасының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.