14 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА НАНОМАТЕРИАЛДАРДЫ СИНТЕЗДЕУ ТАҚЫРЫБЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында шетелдік ғалымның қатысуымен мазмұнды дәріс ұйымдастырылды. Студенттер мен жас зерттеушілер үшін маңызды кездесуді Махатма Ганди атындағы университет қауымдастырылған профессоры Дипа Бхануматхиамма өткізді.

Дәріс университеттің Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханасының №8 оқу ғимаратындағы конференц-залында өтті. Іс-шараға 6В01507 «Химия-биология», 6В05302 «Химия және наноматериалдар», 6В01504 «Химия», 6В05304 «Химиялық криминалистикалық сараптама», 6В05302 «Химия», 6В01515 «Химия (IP)», 6В01519 «Химия-биология», сондай-ақ 7М05302 «Химия», 7М01504 «Химия», 8D05302 «Химия» және 8D01504 «Химия» білім беру бағдарламаларының білім алушылары қатысты.

14 мамыр күні өткен дәрістің негізгі тақырыбы – «Наноматериалдардың (наноцеллюлоза, лигнин, нанохитин және көміртекті кванттық нүктелер) экологиялық таза синтезі» болды. Шетелдік ғалым қазіргі ғылымдағы экологиялық қауіпсіз технологиялардың маңызына тоқталып, наноматериалдарды жасыл химия қағидаттарына сай әзірлеудің тиімді әдістерін таныстырды.

Кездесу барысында білім алушылар наноцеллюлоза, лигнин, нанохитин және көміртекті кванттық нүктелердің қасиеттері, оларды алу жолдары мен өндіріс, медицина және ғылым салаларындағы қолданылу бағыттары жөнінде тың ақпарат алды. Сонымен қатар студенттер шетелдік маманмен пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай халықаралық дәрістер білім алушылардың ғылыми көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ғылым мен білім интеграциясын нығайтып, болашақ зерттеушілердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.