14 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ҚАЗАҚСТАН–МОНҒОЛИЯ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Астана қаласында 21 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің тарихи кездесуі өтіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке жаңа серпін берілді. Осы жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың заңды жалғасы ретінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ұлан-Батыр қаласында өткен «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесі өз жұмысын жоғары деңгейде өткізді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бастамасымен елімізде халықаралық білім кеңістігін кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Қазақстанда әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының 40 филиалы ашылып, табысты жұмыс істеуде. Осы стратегиялық бағыт аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің филиалын Моңғолияда ашу мәселесі қарастырылуда.

Қазіргі таңда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Моңғолия Республикасынан 79 студент білім алуда. Олардың 45-і жоғары білім бағдарламаларында оқыса, қалғандары колледж және дайындық бөлімдерінде білімін жетілдіруде. Жастар арасында физикалық мәдениет және спорт, математика, музыка, IT және ядролық физика мамандықтарына ерекше қызығушылық байқалады.