13 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАҢА ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Жастар орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталық студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға, тың идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға арналған заманауи кеңістік болмақ.

Салтанатты рәсімге университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов, Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова, оқытушылар, студенттер және шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шара аясында әуенмен басталып, қатысушыларға арнау мен оқушылардың биі ұсынылды. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Директорлар кеңесінің төрағасы Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов жастардың бастамаларын қолдаудың және олардың әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін ортаны қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Университет ректоры Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова да жастарды құттықтап, жаңа орталықтың студенттердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, шығармашылық ізденістеріне және жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналуына тілектестігін білдірді.

Салтанатты рәсімнің маңызды сәті – Жастар орталығының ашылу лентасын қию болды. Бұл құрметті Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов пен студенттік құрылтайдың төрайымы Адал Үнзилә атқарды. Осылайша университет жастарының жаңа бастамаларына жол ашатын орталық өз жұмысын бастады.

Іс-шара аясында білім мен мәдениетті қолдауға бағытталған игі бастама да жүзеге асты. Көп жылдан бері білім беру және мәдени жобаларды қолдап келе жатқан Bank CenterCredit атынан Өскемен қаласы бойынша банк филиалының директоры Зульфия Рашидовна Мендыбаева университетке Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романын табыстады. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін дамытуға және рухани құндылықтарды дәріптеуге қосылған үлес болды.

Мерекелік бағдарламаны «Шабыт» студенттік театрының өнері жалғастырды. Қонақтар жаңа орталықты аралап, оның мүмкіндіктерімен танысты.

Жастар орталығы – студенттердің бастамаларын қолдауға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, шығармашылық және қоғамдық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Жаңа орталық университет жастарының басын біріктіріп, олардың идеяларын нақты іске айналдыруына жол ашады.