23 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ V АЗИЯЛЫҚ ПАРА ОЙЫНДАРЫНДА ҚОЛА МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Виктор Волков 2026 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия пара ойындарының қола жүлдегері атанды.

Виктор пара жүзуден еркін стильде 100 метр қашықтықта сынға түсіп, қола медаль жеңіп алды. Ол бұл нәтижесі арқылы өзінің жоғары спорттық дайындығын, табандылығы мен жеңіске деген жігерін көрсетті.

Бұл жетістік – Виктордың спорттық мансабындағы маңызды белес әрі университет ұжымы үшін зор мақтаныш. Студенттің жеңісі мақсатқа ұмтылудың, үздіксіз еңбектің және жоғары нәтижелерге деген талпыныстың маңызын айқындайды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Виктор Волковты лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы спорттық жолына сәттілік, жаңа жеңістер мен халықаралық аренада толағай табыстар тілейді!