Сарсен Аманжолов
(27 желтоқсан 1903-28 қаңтар 1958)

Виртуалды мұражай

Әліппе мәселесі маңызды мәдени істің бірі. Емле әліппеміз неғұрлым жақсы болса, халықтың сауаттылығы солғұрлым тез артады, халқымыздың жалпы мәдениеті ілгері баса түседі.

С. Аманжолов

Сәрсен Аманжолов 1903 жылы 27 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Егінсу ауылында шаруалар отбасында дүниеге келді. 1916 жылы Катонқарағайдағы орыс-қазақ мектебін бітірді. 1919-1920 жылдары Семейде педагогикалық курсты бітіріп, ауыл мектебінде мұғалім, 1922-1924 жылдары Бұқтырма уезінде халық соты, 1924-1926 жылдары Өскемен уездік атқару комитетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. 1926 жылы орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент қ.) педагогикалық факультетіне оқуға түсіп, оны 1930 жылы бітіріп, «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» біліктілігін алды.

1931 жылдан 1958 жылдың 28 қаңтарына дейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ұстаздық қызмет атқарып, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болумен қатар 1934-1942 жылдары Қазақ ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды.

1942 жылдың ақпанынан 1946 жылдың маусымына дейін Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметте болды. Кеңес Армиясының Жоғарғы Саяси Басқармасының «Қызыл Армия үгітшсі блокноты» атты мерзімді басылымында жауапты редактор болып жұмыс істеді.

1946 жылдан Қазақ Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі болды. Сәрсен Аманжолов 1948 жылдың 1 желтоқсанында Мәскеу қаласында «Қазақ диалектологиясының негізгі мәселелері» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, қазақ тілінен тұңғыш филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.

Сәрсен Аманжолов бастауыш мектепке арналған тұңғыш қазақ тілі оқулығының (1932), орта мектепке арналған қазақ тілінің «Қазақ тілінің грамматикасы: фонетика және морфология», «Қазақ тілінің грамматикасы: синтаксис» оқулықтарының авторы.

Қазақ ауыз әдебиеті саласында да бірқатар елеулі еңбектер қалдырды: «Бөгембай батыр» батырлық дастаны, «Қазақ совет фольклоры», Қазақ жұмбақтарының жинағы және т.б.

1941-1958 жылдары оның басшылығымен «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Орысша-қазақша әскери сөздігі», екі томдық «Орысша-қазақша сөздігі», «Орысша-қазақша ауылшаруашылық сөздігі», «орысша-қазақша терминологиялық сөздігі» жарияланды.

1940 жылы баспадан Сәрсен Аманжоловтың жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ тілі синтаксисінің ғылыми қамтудағы қысқаша курсы» атты алғашқы қазақ тілінің оқулығы шықты, 1950 жылы басылым қайта қаралып, «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» болып басылды.

Сәрсен Аманжоловтың ғылыми зерттеулерінің өзектілігі: саясаттың ықпалымен бірнеше рет алмасқан қазақ жазуының әліпбиін түзуі, емлесін ұсынуы, латын әліпбиінің кириллица таңбасына көшудегі қиыншылықтар мен емле ережелерін сәйкестендіру ісінің басында болып, халықтың сауаттылық деңгейінің төмендемей, өсуіне тікелей ықпал жасауында. Заман сұранысына сай енгізілген латын және кирилл жазуларының қазақша нұсқасын құрастырған, бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан кирилл таңбаларына негізделген қазақша әліпбидің негізін қалаған, соған сәйкес емле ережелерін жасап, графемалардың сипаты мен ерекшелігін, орфографиялық ереже қалыбын жазған ғалымның жазу іліміндегі еңбегі ерекше.

Қазіргі уақытта біз қолданып жүрген кириллица 1940 жылы 11 желтоқсанда Сәрсен Аманжоловтың «Жаңа алфавит және қазақ әдеби тілінің орфографиясы» атты еңбегі негізінде жасалып бекітілген.

2003 жылдың 3 қазанында Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне Үкіметтің №1021 қаулысына сәйкес қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент мүшесі Сәрсен Аманжоловтың есімі берілді.

   

Сәрсен Аманжолов өмірінің соңына дейін көптеген қоғамдық-саяси жұмыстар атқарды, республикалық «Білім» қоғамын белсенді ұйымдастырушыларының бірі, оның президиум мүшесі, әдебиет секциясының меңгерушісі болды. Қазақ тілі ғылымында көптеген шәкірттерімен, өзінің ғылыми мектебімен терең із қалдырды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжолов Алтай Сәрсенұлы «Ата-анам – кенді Алтайдың тумалары, шаруа отбасынан шыққан қарапайым, тәртіпті де үлгілі, қайратты да мейірімді, бала тәрбиесіне аса көңіл бөлетін білімді жандар еді», – деп мақтанышпен еске алады.

С. Аманжолов Қазақ тілі ғылымында, көптеген оқушыларда, өзінің ғылыми мектебінде терең із қалдырды.

ҚР Үкіметінің 03.10.2003 жылғы қаулысымен Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне ғалым, лингвист, профессор және адам Аманжолов Сәрсен Аманжолұлы есімі берілді.

ГАЛЕРЕЯ