2 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ СТУДЕНТТЕРІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АУТИЗМ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ТАРАТУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

ШҚО білім басқармасына қарасты «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығында Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай арнайы іс-шара өтті. Кездесуге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің психология және коррекциялық педагогика кафедрасының оқытушылары, сондай-ақ «Эргопедагогика (эрготерапия, эргореабилитация)» білім беру бағдарламасының 1-курс және «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері белсенді қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аутизм спектрінің бұзылыстары туралы қоғамның хабардарлығын арттыру және аутизмі бар адамдарға қатысты инклюзивті әрі толерантты көзқарасты қалыптастыру болды. Қазіргі қоғам жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қабылдау, қолдау және сүйемелдеу мәселелері аса өзекті болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда мұндай бастамалардың әлеуметтік маңызы ерекше.

Кездесу барысында Орталық мамандары аутизмі бар балалармен жұмыс істеудің негізгі бағыттарына арналған мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтап, түзетуге бағытталған «Ерте қолдау» бағдарламасы, негізгі және академиялық дағдыларды қалыптастыруға арналған «Оқу дағдыларын дамыту» бағдарламасы, сондай-ақ баланы оңалту мен әлеуметтендіру үдерісіндегі ата-ананың рөлін айқындайтын «Отбасының баланы сүйемелдеудегі рөлі» тақырыптары кеңінен талқыланды.

Баяндамалар қатысушылар арасындағы белсенді пікір алмасумен жалғасып, ұсынылған тақырыптарды тереңірек түсінуге және осы саладағы практикалық жұмыстардың қыр-сырын талқылауға мүмкіндік берді. Студенттер теориялық білімдерін толықтырып қана қоймай, тәжірибелі мамандардың нақты жұмыс тәжірибесімен танысу арқылы болашақ кәсіби қызметіне қажетті құнды мәліметтер алды.

Аталған іс-шара болашақ мамандар мен тәжірибелі практиктер арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және салааралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар ол аутизм туралы шынайы ақпаратты кеңінен тарату мен әрбір адамның ерекшелігіне қарамастан қоғамда толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.