9 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН БАСҚАРУ БОЙЫНША БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУ КУРСЫ ӨТУДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2026 жылғы 8 сәуірден бастап университет менеджерлеріне арналған «Білім беру бағдарламаларының менеджменті» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы басталды.

Курс университеттегі білім беру бағдарламаларын тиімді басқару, олардың сапасын арттыру және заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында ұйымдастырылған. Бағдарлама аясында қатысушылар білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жетілдірудің өзекті бағыттары бойынша білімдерін тереңдетіп, практикалық дағдыларын дамытады.

Оқу барысында келесі негізгі тақырыптар қарастырылады: университетте өзекті білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, кәсіби стандарттар мен мамандықтар атласын бағдарламаларды әзірлеу мен жобалауда қолдану, білім беру бағдарламасының құрылымы мен оның құрылымдық элементтерін қалыптастыру. Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын білім беру бағдарламаларын жобалауда пайдалану, КВТ бойынша жаңа талаптар, мектеп оқу бағдарламалары мен силлабустарды үйлестіру тетіктері, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру барысында заманауи оқыту әдістері мен технологияларын таңдауға арналған рамалық әдістемелік карта мәселелері қамтылады.

Біліктілікті арттыру курсы 2026 жылғы 21 сәуірге дейін жалғасады. Бағдарлама соңында қатысушыларға біліктілікті арттыру сертификаттары табысталады.

Аталған курсқа университеттің білім беру бағдарламаларын басқарумен айналысатын 76 менеджер қатысуда. Бұл бастама университеттің білім беру сапасын арттыруға және заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.